Адвокат Акромат Мұхтаров дүйсенбіден бері ас-судан бас тартып, құрғақ аштық жариялаған ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасеновтің жағдайын айтты. Оның сөзінше, ол аштықты тоқтатудан бас тартқан.
“Оған кіріп шықтым. Кездесу кезінде оның талаптарынан бас тартпайтыны айқын болды. Аштықты тоқтатуға көнбейді. Оның хәліне келсек: ерні кезеріп кеткен, көзінің асты ісіген, белі мен бүйрегі ауыратынын айтады. Дүйсенбіден бері ас-судан бас тартқан. Аштықты жалғастыруға бекініп отыр” деді Мұхтаров.
Оның сөзінен ҚазТАГ үзінді келтіреді.
Редакция сәрсенбі күні кешке Қасеновтің карантин камерасынан жазған хатын да жариялады. Онда Қасенов “заңсыздық пен жүгенсіздікке қарсылық білдіріп”, аштық жариялағанын айтқан.
“...Мен Қазақстан журналистерінің түрмеге қамалудан қорықпай жұмыс істеу құқығы үшін күресемін. Ақырға дейін күресемін” деп жазды Қасенов хатта.
2025 жылы желтоқсан айының басында ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Көктемде Матаевқа 274-бап бойынша қозғалған іс тоқтатылғаны белгілі болды. Есесіне наурыздағы төбелестен кейін оған 293-бап, 254-бап қосылған.
Жуырда Әмір Қасенов Тоқаевқа видеомәлімдемесінен кейін үйқамақтан абақтыға ауыстырылған еді.
Ақпарат агенттігінің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.
Бұған дейін тараптар ымыраға келе алмаған. Ақпаратқа қарағанда, шағым берушінің қойған шарттары арасында "жалған ақпарат таратқанын мойындау" туралы талап бар. Ақпарат агенттігі "компаниядан зардап шеккендердің" мәліметтері мен құжаттарына сүйенгенін материал жазғанын айтып, талаппен келіспеген.