Accessibility links

Адвокат: Ермек Нарымбаевтың аштық жариялағанына екі аптадан асты

Ермек Нарымбаев
Ермек Нарымбаев

Адвокат Василий Садықов “сот үкімін орындамағаны үшін” (430-бап) үстінен қылмыстық іс қозғалған Астанадағы тергеу изоляторында қамауда отырған белсенді Ермек Нарымбаев аштық жариялағанын хабарлады.

"Ол өзін ұстау себебімен келіспейді. Былтыр оны 2023 жылғы Қонаев соты шығарған желіде қоғамдық-саяси тақырыпқа жазба жарияламау туралы сот қаулысын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартқан. Ол ешқандай ірі заңбұзушылық жасамағанын айтады. Ол аңғалдық жасап, өзінің көзқарасын жариялаған" деді адвокат 19 наурызда Азаттыққа.

Айтуынша, Нарымбаев аштығын 4 наурызда бастаған, қазір тек су ішеді. Адвокаты оған аптасына екі рет жолығатынын айтты. Изолятор әкімшілігі Нарымбаевтың аштық жариялағандығынан хабардар деді.

Азаттық әзірге Нарымбаев отырған Астанадағы N64 тергеу изоляторынан жауап ала алмады.

Бұған дейін адвокат Facebook желісінде Нарымбаевтың прокурорға жазған өтінішін де жариялаған.

Биыл 5 ақпанда Астананың тергеу соты Ермек Нарымбаевты екі айға қамауға рұқсат берген еді. Ол тергеу жалғасқанша 3 сәуірге дейін қамауда болады.

Қамалардан бұрын Нарымбаев әлеуметтік желіде конституциялық реформаны талқылап жазба жариялаған. Facebook-те 3 ақпанда жарияланған кейінгі постында Нарымбаев: "Билік [Конституция жобасы бойынша] пікірталаста жеңілген соң ашуға басып, репрессияға көшті" деп жазған.

2023 жылы қыркүйекте шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот үкімін орындамады” деген айып тағылған.

Ермек Нарымбаев бұған дейін де "сот шешімін орындамағаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған еді. Адвокатының сөзінше, бұл жолы оған қылмыстық бап қолданылып отыр.

XS
SM
MD
LG