Accessibility links

Адвокат: Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты іс тоқтатылды


Нұрғанат Ғайыпбаев пен Шерзат Полаттың (оң жақтағы) қабірі. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы мұсылман зираты. 11 желтоқсан, 2024 жыл.
Нұрғанат Ғайыпбаев пен Шерзат Полаттың (оң жақтағы) қабірі. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы мұсылман зираты. 11 желтоқсан, 2024 жыл.

Алматы облысында белгісіз жағдайда қайтыс болған Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Мұны дүйсенбі, 4 тамыз күні отбасының адвокаты Мейірман Шекеев хабарлады.

"Нұрқанаттың ісі тоқтатылған. Алайда біз болашақта істі қайта жандандыру үшін өтінішхат түсіретін боламыз", – деп жазды заңгер Instagram-парақшасына.

Нұрқанат Ғайыпбаев – былтыр күзде Талғар қаласында топ адамның қатысуымен болған төбелес кезінде кісі қолынан мерт болған 16 жасар Шерзат Полаттың немере ағасы. Қоғамда үлкен резонанс тудырған жасөспірім қазасынан кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.

Шерзат қаза тапқан оқиға кезінде оның қасында болған, пышақ тиіп, жарақат алған Нұрқанат Ғайыпбаев былтыр қараша айында Полаттың отбасы тұратын Азат ауылының сырт жағында өлі табылған. Полиция "ол өзіне қол жұмсаған" деп хабарлады. Туыстары бұған күмән келтірген еді. Ғайыпбаевтың қазасы бойынша тергеу басталған.

Тергеу жүргізгендер бұл істе қандай да бір қылмыс белгілері анықталған жоқ деп байлам жасаған. Алайда марқұмның туыстары оған келіспейді.

Шерзат Полаттың өліміне байланысты қозғалған іс бойынша айып тағылған тоғыз адамға биыл 5 маусымда үкім шыққан. Басты айыпталушы Абзал Шынасыл - 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға түрмеге қамалды. Басқа айыпталушылар 1,5 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Сотталған тоғыздың арасындағы кәмелетке толмаған жасөспірім сот кескен 1,5 жылдық қамау жазасын өтеп қойғандықтан биыл 23 шілде күні сот қаулысымен қамаудан босап шыққан.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған адамдардың арасында тек сол ғана апелляцияға жүгінбеген. Қалғандары үкімге келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірген. Олардың шағымы 18 тамызда Алматы облыстық сотында қаралмақ.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG