Accessibility links

«Талибан» Түркіменстан іргесіндегі аралға тығылды


Ауғанстан мен Түркіменстан арасындағы Әмудария өзені жағасында тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)
Ауғанстан мен Түркіменстан арасындағы Әмудария өзені жағасында тұрған адамдар. (Көрнекі сурет.)

Ауғанстанда «Талибанмен» ұрыс қазір Түркіменстан шекарасына жақындады. Ашғабат көршісіндегі қарулы содырларды өз жеріне жолатпауға тырысады.

Ауғанстан вице-президенті Абдул Рашид Достумның басқаруымен ауған күштері үкімет күштері 21-23 қазанда жүргізген операция нәтижесінде, елдің солтүстігіндегі Жаузжан провинциясында «Талибанның» жүзге жуық содыры Түркіменстанмен шекарадағы Әмудария өзеніне ығысқан. Ауған сарбаздары енді олардың аман-есен сытылып кетуіне жол бермей, шабуыл жасап, талқандауды жоспарлап отыр.

«Азатлық» деп аталатын Азаттықтың Түркімен қызметі шекара маңындағы ауған шенеуніктерімен сөйлесіп, қазанның 23-і күнгі жағдай туралы білуге тырысты. Достумның баспасөз хатшысы Султан Файзидің айтуынша, Жаузжанның Хамяб ауданындағы ауылдарды басып алған «Талибан» содырлары Достум оңтүстіктен шабуыл бастағанда кетуге мәжбүр болған.

– «Талибан» жасағы өзендегі аралға қашып тығылды, Достум өз жауынгерлеріне шабуылға шығуға бұйырды. «Талибан» не берілсін, не соғыссын деп мәлімдеді, - дейді Файзи.

Ол түркімен жағымен де хабарласып, оларға дайын отыруды ескерткендерін жеткізді.

– Себебі, содырлар тек Ауғанстанға ғана қауіп төндірмейді, олар тұтас аймақ үшін қауіпті. Түркіменстан қазір болып жатқан жағдай туралы толық біледі және оған қажетті дайындық шараларын жасайтынын айтты, - деді Файзи Азаттыққа.

Ол терроршылардың қашып кетпегені маңызды екенін ескертеді.

– Егер Түркіменстан өз шекарасынан «Талибан» әскерінің өтуіне жол бермесе, бұл – үлкен жеңіс, - дейді ол.

Рашид Достум өз жауларына тым қатал, 2001 жылы қолға түскен «Талибан» адамдарын аяусыз жазалаған деген әңгіме бар. Сондықтан өзендегі аралға бекінген «Талибан» жасағының Достумға беріле қоюы екіталай дейді сарапшылар.

Ауғанстан вице-президенті Рашид Достумның суреті алдында тұрған қарулы ауған сарбазы. Герат, 30 тамыз 2015 жыл.
Ауғанстан вице-президенті Рашид Достумның суреті алдында тұрған қарулы ауған сарбазы. Герат, 30 тамыз 2015 жыл.

Файзи аралдың жартысы Түркіменстанға, қалғаны Ауғанстанға тиесілі болғандықтан Достумның әскері аралдағы содырларды Түркіменстаннан рұқсат сұрамай-ақ атқылай алады деген пікірде. Дегенмен, соңғы айларда Түркіменстан билігі ол аралды күзететін болды, кейде Ауғанстанға тиесілі жақта малдарын бағып жүрген ауған азаматтарын тұтқындап, түрмеге қамап тастауды шығарды.

Ашғабаттың «Талибан» туралы, Достумның оларға қатысты жоспарын нақты білетінін айтқан Файзи түркімендерден әлі нақты жауап болмағанын жеткізді. «Талибан» тұтас аймақтың жауы дедік, енді Түркіменстан тарабынан оң жауап күтеміз» дейді ол.

Жаузжан губернаторының орынбасары Абдурахман Мамуди Достумның сарбаздары Хамяб ауданынан қуған «Талибан» содырлардың кейбірі аралда тығылып жатқанын растады. Ол Түркіменстанның көмектесуге уәде бергенін, бірақ дәл қазір терроршылардың ауған жағында екенін айтады.

Азатлық Достум әскері елдің солтүстігіндегі Фаряб аймағынан содырларды қуып шыққанын, бірақ олардың вице-президент жауынгерлері кеткен соң аймаққа қайтадан оралғанын еске салды. Бірақ Мамуди ондай жағдай қазір қайталанбайды деп отыр. Оның сөзінше, Достум Мамуди мен басқа шенеуніктерге Хамябқа оралуға бұйрық берген, қираған әкімшілік ғимараттарын қайта салуға уәде еткен.

Мамуди Достумның жергілікті жасақ – арбакилермен де жұмыс істеп, «Талибанның» Жаузжанға қайта оралмауына күш салып жатқанын айтады.

(Мақала ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG