Accessibility links

Талибан Солтүстік Ауғанстандағы тағы бір аймақты басып алды


Ауғанстанның Нангархар аймағы, 31 мамыр, 2021 жыл
Ауғанстанның Нангархар аймағы, 31 мамыр, 2021 жыл

Талибан содырлары мен Батыс қолдаған Ауғанстан үкіметі арасындағы қақтығыс күшейіп, тәліптер тағы бір аймақты басып алды, бұл АҚШ бастаған халықаралық күштер қыркүйекте кеткен соң елдің болашағы қалай болады деген сұрақты күшейте түсті.

11 маусымда жергілікті кеңестің үш мүшесі содырлар Солтүстік Тахар провинциясындағы стратегиялық маңызды Ишкимиш аймағын басып алғанын хабарлады.

Кешегі қарқынды шайқастан кейін үкімет күштерінің оқ-дәрісі таусылып, әуе қолдауы болмай қалғандықтан, жеңіліс тапқан.

Ишкимиш тағы төрт аймақты бақылауға мүмкіндік беретін маңызды жол торабы ретінде қарастырылады, енді Талибан сол өңірлерге қауіп төндіруі мүмкін.

1 мамырда Америка Құрама Штаттары мен НАТО-ның басқа мүшелерінің әскері шығарыла бастағаннан бері Ауғанстандағы бірнеше аудан Талибан қолына өтті.

Ауған шенеуніктері осы аптада Талибан Урузган және Бадгис провинцияларындағы үш ауданды бақылауға алды деп мәлімдеді.

11 маусымда ауған шенеуніктері соңғы 24 сағат ішінде Пактия, Гор, Лагман және Нангархар провинцияларында "Талибан" қозғалысының кемінде 89 содыры қаза тапты деп мәлімдеді.

Лагман полициясы 11 маусымдағы түнгі шайқаста Талибан командирі Бадруддинді атып өлтіргенін хабарлады.

Талибан ауған үкіметінің мәлімдемесіне қатысты пікір айтқан жоқ.

Үкімет те, Талибан да қарсы тарапта көп шығын болды деп жиі айтады, бірақ ақпаратты тәуелсіз дереккөзден тексеру мүмкін емес.

Ұрыс күшейген кезде шетелдік күштердің кетуі Кабулдағы үкіметтің құлдырауына және Талибанның билікке оралуына әкелуі мүмкін деген болжам бар.

Бұрынғы президент Дональд Трамптың басшылығымен 2020 жылғы ақпанда жасасқан келісімге сәйкес, АҚШ пен НАТО-ның барлық күштері 1 мамырға дейін Ауғанстаннан кетуі тиіс еді.

АҚШ президенті Джо Байден әскер шығарудың логистикалық мәселелерін алға тартып, сарбаз әкетуді қыркүйекке шегерді.

Осы аптада АҚШ орталық командованиесінің басшысы генерал Кеннет Маккензи Ауғанстаннан әскер шығару операциясының шамамен жартысы аяқталғанын және процестің "өте жақсы жүріп жатқанын" айтты.

АҚШ бұл процесс барысында 2 500 сарбазды, 16 000 келісім-шартпен келген солдатты және жүздеген тонна жабдықты алып кетуі керек.

Жабдықтың бір бөлігі жойылады немесе ауған күштеріне беріледі.

Түркияның Ауғанстанда 500-ден астам сарбазы бар, олар ауған қауіпсіздік күштерін оқытып жатыр.

Талибан – 1990 жылдары құрылған аса радикал діни-саяси қозғалыс. Олар шариғат негізіндегі ислам мемлекетін құруды жақтайды. 1996-2001 жылдары Талибан Ауғанстанда билік құрды, бірақ оларды халықаралық қауымдастық мойындамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG