Accessibility links

Ауғанстан футболының бір жылдағы жетістіктері


Ауғанстан футбол федерациясы президенті Кәрім Керамуддин ФИФА-ның Fair Play жүлдесі белгісін ұстап тұр. Цюрих, 13 қаңтар 2014 жыл.
Ауғанстан футбол федерациясы президенті Кәрім Керамуддин ФИФА-ның Fair Play жүлдесі белгісін ұстап тұр. Цюрих, 13 қаңтар 2014 жыл.

Ауғанстанда - футбол тойы. ФИФА-ның 2013 жылғы Fair Play жүлдесін алған ұлттық құрама бейбітшілік пен бірлікті насихаттағаны үшін құрмет-қошеметке бөленді.

2013 жыл Ауғанстанның ұлттық футбол құрамасы үшін табысты болды. Он жылдан бері тұңғыш халықаралық матч өткізген құрама алғашқы халықаралық марапатқа қол жеткізді.

FAIR PLAY ЖҮЛДЕСІ

Жыл соңында ФИФА (FIFA - Federation Internationale de Football Association) Ауғанстанға спорттағы алғашқы жүлдесі - Fair Play сыйлығын табыс етті.

Қаңтардың 13-і күні Швейцарияның Цюрих қаласында өткен Ballon d’Or салтанатында сыйлық тапсырған ФИФА өкілі «үлкен кедергілерге қарамастан футболды дамытуда ерекше табысқа жеткен» Ауғанстанға мақтау айтты.

Ауғанстан халықаралық сыйлықты ерекше ықыласпен қабыл алды, жанкүйерлер де, спортшылар да, ресми тұлғалар да бейбітшілік пен бірлікті насихаттағаны үшін ұлттық құрамаға қошемет көрсетіп жатыр.

Fair Play жүлдесін тапсыру сәтін YouTube-тің мына видеосынан көріңіз:



Ауғанстан ұлттық футбол командасының бапкері Хомаюн Каргар Азаттық радиосына берген сұхбатында «ФИФА-ның Fair Play сыйлығы Ауғанстан футболы үшін өте үлкен жетістік» екенін айтты.

- Жылдар бойы соғысты бастан кешіргеніне қарамастан, Ауғанстан осындай маңызды халықаралық сыйлыққа қол жеткізді. ФИФА-ға бұрыннан мүше болып келе жатқан елдердің өзі мұндай жетістікке жете алған жоқ, - деді Хомаюн Каргар.

Каргардың айтуынша, футбол елдің патриоттық рухын оятып, саяси, этностық, діни тұрғыда бөлшектеніп отырған халықтың басын біріктіруге септескен.

- Аз ғана уақыт ішінде футбол жастар мен жалпы қоғамды позитивті арнаға бұра алды. Ауған футболы бейбітшілік, тұрақтылық пен ұлттық бірлікті насихаттады, - деді Каргар.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ОРНЫНА– ФУТБОЛ

Кабул қаласының тұрғыны Кудратуллахтың айтуынша, «ФИФА жүлдесі - бұдан да үлкен жетістіктердің бастауы».

- Біздің бұл сыйлықты алғанымыз – қуанышты жаңалық. Ауғанстанның ұлттық командасы 2013 жылы үлкен жетістікке жетті. Құдай бұйыртса, келесі жылы бұдан да биік белестерді бағындырамыз, - дейді ол.

Әйелдер арасында өткен футбол турнирі. Ауғанстан, Кабул, 6 желтоқсан 2013 жыл.
Әйелдер арасында өткен футбол турнирі. Ауғанстан, Кабул, 6 желтоқсан 2013 жыл.
​ФИФА-ның Fair Play комитетінің мүшесі Токио Сексвале Ballon d’Or салтанатында Ауғанстан Футбол федерациясының өкіліне сыйлықты табыстап тұрып, бұл мекеменің «футболды бастапқы деңгейде дамытуға, ойынға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға, зорлық-зомбылық пен атыс-шабыстан титықтаған елде ұлттық лиганы дәріптеуге үлес қосқанын» атап өтті.

Токио Сексвале «Ауғанстан әлеуметтік өзгерістер жасаудың үлгісін көрсетіп, кедергілерді күн сайын жойып жатыр. ФИФА-ның Fair Play жүлдесінің биылғы жеңімпаздары барлық қиындықтарға, соғыс пен қақтығыстарға қарамастан, батылдық пен ұйымшылдық рухын паш етті» деді.

Бұған қоса, ол Ауғанстан футболдың ел аумағында кеңінен таралуына мүмкіндік бергенін, әсіресе оның әйелдер арасында, отбасылық ойын түрінде насихатталғанын атап өтті. 20-дан астам футбол клубы (соның ішінде Кабулда – 16) әйелдердің футбол ойнауына жағдай жасап отыр.

ФИФА Fair Play (Әділ ойын) сыйлығын «әлемдік футболды басқару ұйымы үшін ең басты мәселе - әділ ойынды қамтамасыз еткен адамдарға не мекемелерге» береді.

2012 жылғы Fair Play жүлдесі Ауғанстанның көршісі Өзбекстанға берілді. ФИФА сыйлығы Кабулдың футболды дамыту жолындағы белестерінің бірі болды.

«ТАЛИБАН» КЕТКЕН СОҢ ДАМЫҒАН СПОРТ

Әлемдік футбол рейтингінде 139-орында тұрған Ауғанстан ұлттық құрамасы 2013 жылы тамыз айында соңғы он жылдағы алғашқы халықаралық матчын өткізіп, көршілес Пәкістан
Ауғанстан және Пәкістан ұлттық құрамаларының кездесуі. Кабул, 20 тамыз 2013 жыл.
Ауғанстан және Пәкістан ұлттық құрамаларының кездесуі. Кабул, 20 тамыз 2013 жыл.
командасымен ойнады. Жолдастық кездесуде ауған командасы 3:0 есебімен жеңіске жетті. Наурыз айында Пәкістанның Лахор қаласында қарымта кездесу өтеді.

Қыркүйек айында Оңтүстік Азия футбол чемпионатында ауған ұлттық командасы аймақтағы көшбасшы – Үндістанды 2:0 есебімен жеңіп, сенсация жасаған еді. Бұл Ауғанстанның жалпы спорттағы халықаралық аренада жеткен алғашқы жеңісі болды.

2014 жылы Мальдив аралдарында болатын Азия футбол конфедерациясының кубогында Ауғанстан бұдан да зор табысқа жетуден дәмелі. Мұнда жеңгендер 2015 жылы өтетін Азия футбол чемпионатына тікелей жолдама алады.

1948 жылдан бері ФИФА-ға мүше Ауғанстанның бұрыннан келе жатқан футбол тарихы бар. Алайда ондаған жылға созылған соғыс спортты құлдыратып жіберді.

«Талибан» билігі кезінде футболға тыйым салынбағанымен, жалпы спортқа көңіл бөлінбеді. Ал стадиондар қылмыскерлерді жұрт алдында жазалау орны ретінде пайдаланылды.

«Талибан» биліктен кеткен соң, футбол мен басқа спорт түрлері қайта дами бастады.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG