Accessibility links

«Әйелдерінің денесі түксіз, өздері өтірікші халық»


Ауғанстандық хазар жұмысшы. Кабул, 8 маусым 2011 жыл. Көрнекі сурет
Ауғанстандық хазар жұмысшы. Кабул, 8 маусым 2011 жыл. Көрнекі сурет
Ауғанстандағы әр түрлі этникалық топтарға ғылыми сипаттама жасап, ол деректерді құжаттап қоюда тұрған ештеңе жоқ сияқты көрінеді. Бірақ таяуда бір топ ғалымның үстінен қылмыстық іс қозғалайын деп тұр.

Үкіметке қарасты Ауғанстан ғылым академиясы маусым айында жариялаған «Ауғанстанның пуштун емес этникалық топтарының этникалық атласы» деп аталатын кітабы жанжал туғызды.

«СОҒЫСТАН БАСҚАНЫ БІЛМЕЙТІН ЖҰРТ»

Кітаптың кейбір бөліктері Ауғандағы хазар халқының ашуына тиген.

Ауғанстандағы Daily Outlook Afghanistan басылымы сол атласқа сілтеме жасай отырып, «академиялық жинақтан» мынадай үзінділер келтіреді: «Хазарлар – суайт, алаяқ, опасыз халық. Олардың әйелдерінің басынан басқа жеріне түк өспейді. Хазарлар – Ауғанстанның таулы аймағында тұрып жатқан моңғол хандардың ұрпағы. Олар соғыстан басқаны білмейді».
Жүздеген хазар өздері тұратын аймаққа басқа этникалық топтың қоныстануына наразылық білдіріп отыр. Кабул, 30 наурыз 2008 жыл
Жүздеген хазар өздері тұратын аймаққа басқа этникалық топтың қоныстануына наразылық білдіріп отыр. Кабул, 30 наурыз 2008 жыл

Ауған газеті хазарлар ол жинақта «кәпірден де жаман рафизи» деп те сипатталған деп жазады. Бірақ Азаттық радиосы бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтай алмады.

Хазар жетекшілері осыған орай дау көтерген соң бұл іске президент Хамид Карзайдың өзі араласты. Маусым айының ортасында Карзай атласқа тыйым салып, төрт ғалымды жұмыстан шығарып, мұндай пікірді кітапқа басуға не себеп болғанын тексеруге бұйрық берді.

Ұзақ-сонар сауалнамаға жауап беріп болған соң, «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен төртеуінің үстінен қылмыстық іс қозғалмақ.

«АУҒАНСТАННЫҢ АБЫРОЙЫН АЙРАНДАЙ ТӨККЕН КІТАП»

Осы істі бақылап отырған бас прокурордың орынбасары Инаятулла Камал ар-намысты қорлайтын пікірлерді қасақана жазғаны дәлелденсе, зерттеушілердің заң алдында жауап беруге міндетті болатынын айтады.

- Ауғанстандағы этникалық топтардың арасына іріткі салуға тыйым бар. Кім де кім бұл заңды бұзатын болса, заң алдында жауап береді, - деді прокурордың орынбасары.

Ал президент Карзай кітаптың мазмұны жайлы: «Сұмдық масқара. Кітап этникалық тұрғындарды ғана емес, бүкіл ауған халқын масқара қылған» деген пікір білдірген.

Атластың авторы Саид Әмин Муджахид «кітапқа енген даулы пікірлердің көп бөлігі хазар тарихшысы Файз Мухаммед Катебтің жазбаларына сүйене отырып жазылды» деп жинақты қорғап қалуға тырысты.
Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Кабул, 21 маусым 2012 жыл
Ауғанстан президенті Хамид Карзай. Кабул, 21 маусым 2012 жыл

Муджахидтің ойынша, атластағы барлық мәліметтің нақты дерек көздеріне сілтемесі бар, ал кітаптың мазмұны саяси себептермен әдейі бұрмаланып жатыр.

- Академиялық еңбектер мен ғылыми фактілер саясиланып барады. Мұны айтып отырған себебім, ел-жұртқа сөйлемнің бірінші бөлігін ғана оқып, екінші жартысын оқымай бүгіп қалады, - деп уәж айтады ол.

АЗШЫЛЫҚТЫҢ АШУЫ МЕН АЙЛАСЫ

Ауғанстанның ғылым академиясы хазарларға қатысты дауға бірінші рет шатылып тұрған жоқ. 2011 жылдың аяғында шиит сенімін ұстанатын ауған хазарлары академия басып шығарған альманахта азшылық өкілдерінің жалпы саны әдейі азайтылды деп реніш білдірген еді.

Хазарларға қатысты деректе олардың Ауғанстандағы 26 миллион халықтың 9-ақ пайызын құрайды деп көрсетілген. Азшылық өкілдері халықтың 60 пайызын құрайды деп көрсетілген пуштундарға жинақ авторларының бүйрегі бұрып кетті деп шағынған еді.

Хазар ұлтының саяси жетекшілері Ауғанстан халқының 20 пайызын азшылық өкілдері құрап отыр деген деректі жиі айтады.

Ауғанстанда мұқият адам санағы ешқашан өтпегендіктен халықтың нақты санын білу мүмкін емес. 1970 жылы халық санағын жүргізбек болған соңғы әрекет аяқсыз қалды. Жаңа санақ жүргізу жайлы ұсыныстың бәрі соңғы 30 жылдағы соғыстың кесірінен жүзеге аспай жатыр.
Хазар әйел. Мазар-е Шариф, 30 сәуір 2012 жыл
Хазар әйел. Мазар-е Шариф, 30 сәуір 2012 жыл

БҰҰ-ның құжаттарында айтылатын жалпылама дерек пен басқадай халықаралық ұйымдардың дерегі бойынша пуштундардың саны 40 пайыздан асады. Тәжіктер 30 пайызға сәл жетпейді. Хазарлар мен өзбектер шамамен 10 пайызды құрайды. Олардан басқа әр түрлі ұсақ топтар халықтың қалған бөлігін құрайды.

Мұндай статистикалық мәліметтер саны аз этникалық топтар үшін өте маңызды. Себебі олардың қатарын қалың етіп көрсету арқылы саяси ықпалын да күшейткісі келеді. Зерттеушілер болса саясатшылардың өз руы мен этникалық тобының санын ұлғайтып көрсетуге бейім екенін айтады.

Кабулдағы Daily Outlook Afghanistan басылымының редакторы, хазар Хусейн Яса «соңғы болған жанжал болашақта қауіпсіздігін өз күшімен ұстап тұруға бекінген елдің болашағын ойлаған адам үшін жақсы хабар емес деп алаңдайды. Оның ойынша, елдегі этникалық алауыздықты тоқтату оңайға соқпайды. Бірақ сонда да сауатты түрде халық санағын жүргізу – жақсы бастама болмақ.

- Бұл шара елде қай топтың көбірек екенін білу үшін жасалмайды. Халық санағы біздің дамуымыз үшін, әрбірден соң қауіпсіздігіміз үшін өте маңызды, - деп санайды ол.

(Мақаланы қазақшаға аударған – Сағынай Кәрім)
XS
SM
MD
LG