Accessibility links

Ауғанстан «таспен ату» жазасын жаңғыртпақ


«Таспен ату» жазасы туралы фильмнен көрініс. (Көрнекі сурет)
«Таспен ату» жазасы туралы фильмнен көрініс. (Көрнекі сурет)

Ауғанстанда «зинақорлық жасағандарды» тас атып жазалайтын заң жобасы әзірленіп жатыр. Human Rights Watch ұйымы ауған билігін ондай жазадан бас тартуға шақырды.

ТАЛИБАН КЕЗЕҢІНЕ ҚАЙТА ОРАЛУ

Human Rights Watch (HRW) ұйымы Ауғанстан әділет министрлігі бастаған жұмыс тобы дайындаған жоба нұсқасын көргенін айтады. Заң жобасын дайындаушылар биліктен кететін президент Хамид Карзай жаңа заңға қолдау білдіреді деп үміттенеді.

Заң жобасында некеге отырмаған ер мен әйелдің арасындағы жақын қарым-қатынас үшін 100 рет дүре соғу жазасы қарастырылған. Ал некелі адам басқамен көңіл көтерсе «зинақорлық жасағаны үшін таспен атып өлтіру» көзделген. HRW дерегінде мұндай жазалау шарасы «көпшіліктің алдында, алдын ала белгіленген жерде өтетіні» айтылған.

Бұның барлығы 1990 жылдардың ортасы мен соңында Ауғанстанды «Талибан» билеп тұрған кездегі қатал шараларды еске салады. Сол кездері тәліптер Кабулдегі Гази стадионында халықты жинап, кінәлі деп танылған адамдарды таспен атқылайтын.

HRW ұйымы 25 қараша – «Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуді тоқтату үшін халықаралық күрес күні» құрметіне орай жариялаған мәлімдемесінде Ауғанстанға миллиардтаған доллар құятын донорларға сәлем жолдаған.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай (ортада). Кабул, 24 қараша 2013 жыл.
Ауғанстан президенті Хамид Карзай (ортада). Кабул, 24 қараша 2013 жыл.
«Президент Карзай жаңа қылмыстық кодекстегі таспен атқылау шарасы үкіметті қаржыландыруға кері әсерін тигізетінін түсінсін» деп ескерткен ұйым.

Алдағы жылдың сәуір айында өтетін Ауғанстан президенті сайлауынан соң биліктен кететін Карзай ымырашыл адам, бірақ елдегі консервативтік көзқарастағы діни және мәдени күштерге қарсы келетін сәтте сақтықпен қимылдайды.

АҚШ пен оның одақтастары қауіпсіздікті сақтау жауапкершілігін Кабулдің өзіне артпақ, ал әйелдер құқығы – ең өзекті мәселенің бірі ретінде қалды. (Екі жақты қауіпсіздік келісімінен соң да АҚШ пен Ауғанстанның 2014 жылдан кейінгі қарым-қатынасы нақтыланған жоқ).

– Талибан билігінің құлағанына 12 жыл өткен соң Карзай әкімшілігі таспен атқылау жазасын қайтадан енгізуді қарастырып жатқаны шошынарлық жағдай. Президент Карзай адам құқығын қорғаудың ең негізгі міндетін орындап, бұл ұсыныстан бас тартуға тиіс, - дейді HRW ұйымының Азия елдері бойынша директоры Брэд Адамс.

ҚАТЫГЕЗ ЖАЗАҒА ҚАРСЫЛЫҚ

HRW мәлімдемесінде былай деп жазылған: «Зинақорлық жасағаны үшін таспен атқылау жазасы 1990-2001 жылдары Талибан үкіметі тұсында қолданылды. Жаңа үкімет халықаралық конвенцияға қол қойып, адам құқығын, әсіресе әйелдер құқығын қорғауды міндетіне алды. 1976 жылы қабылданған қылмыстық кодексте таспен атқылау туралы айтылмаған. 2001 жылдан бері ондай шара қолданылғаны туралы мәліметтер келтірілсе де, үкіметтің қатысы бар деген дерек түспеді. Таспен атып өлтіру жазасы – адам құқығына қатысты халықаралық ережелерді бұзу болып табылады. Ауғанстан бекіткен азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық келісім бойынша өлім жазасын аса ауыр қылмысқа қолдануға болады, бірақ ерлі-зайыптылардың опасыздығы ондай қылмысқа жатқызылмаған. HRW қатыгездік болып танылатын өлім жазасының кез келген түріне қарсы шығады».

"Зинақорлық" айыбымен өлімге кесілген ауған әйеліне үкімді орындар алдында. YouTube сайтындағы видеодан көрініс.
"Зинақорлық" айыбымен өлімге кесілген ауған әйеліне үкімді орындар алдында. YouTube сайтындағы видеодан көрініс.
Жақында Кабулдың солтүстігінде көңіл қосқан екі жас адамды жергілікті ақсақалдар алқасы таспен атуға бұйырған. Жазадан қашқан жастарды ұстап алып, өткен демалыста атып өлтірген.

Reuters агенттігі бұл оқиғаны былайша сипаттайды: «Қашып бара жатқан кезде олардың көлігі бұзылды, жергілікті тұрғындар оларды ұстап алды. Келесі күні оларды көпшіліктің алдында атып тастады. Қыздың әкесі екеуін де атуға бұйырды. Жергілікті билік те заңсыз оқиғаның болғанын растады».

Ауғанстанда таспен атқылау жазасын заңға қайта енгізуді ұсынған жұмысшы топтың мүшесі әрі тәуелсіз қорғаушылар алқасының төрағасы Рохулла Каризада Reuters агенттігіне былай дейді:

«Некедегі адамның басқамен көңілдес болғанына 4 адам куәгер болса, таспен атқылау жазасын қолдану туралы шариғаттық қылмыстық кодекс жобасын әзірлеп жатырмыз. Сот куәгерлердің бәрінен егжей-тегжейлі түсініктеме алады, егер олардың жауабы әрқиыл болып шықса, онда сот арызды кері қайтарады.

ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗАЛАУ

Әлемде мұндай жазаны қолданатын елдер тізімі әжептәуір: Индонезия, Сауд Арабиясы, Судан мен Солтүстік Нигерия, сондай-ақ, Пәкістан, Ирак, Мали мен Сомали және Ауғанстанда жергілікті тұрғындар жазаны өз бетімен де қолдана береді.

Иранда "таспен ату" жазасын орындар алдында түсірілген сурет.
Иранда "таспен ату" жазасын орындар алдында түсірілген сурет.
Иранда таспен атқылау әлі күшін жойған жоқ, бірақ билік оны жоққа шығарады. Өткен айдың өзінде шетелдік құқық қорғау тобы Тегераннан табылған төрт әйелдің денесінде таспен ұрғанның белгілері бар деп хабарлады. Ең жаманы, сәуір айында ықпалды Күзетшілер кеңесі (Guardians Council) Иран заңынан таспен атқылауды алып тастауға мүмкіндік бермеді.

Таспен атқылау жазасын заңдастырған елдер қатары ұлғайып келе жатқаны да алаңдатады. Өткен айдың өзінде ғана Бруней сұлтаны Хассанал Болкиах келесі жылы елдің қылмыстық кодексіне таспен атқылап өлтіру және дене мүшесін кесіп алу сияқты жазаларды енгізуге бұйрық берді.

Энди Хейлдің мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG