Accessibility links

Аида Балаева Orda.kz пен ҚазТАГ басшыларына қатысты істер "ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін" айтты


Вице-премьер, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Вице-премьер, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Вице-премьер, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Orda.kz және ҚазТАГ басшыларының үстінен қозғалған қылмыстық істерге қатысты пікір білдірді.

"Мұндай жағдайлар әрдайым медиа қауымдастықты алаңдатады. Себебі бұл сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет секілді аса маңызды мәселелерге тікелей қатысты. Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс. Ал егер тараптар арасындағы қатынастар құқықтық алаңға ауысса, мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін" , – деп жазды Аида Балаева Facebook парақшасында.

Вице-премьер "кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін" айтты және министрлік құзыреті аясында "журналистердің құқықығын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдайтынын" мәлімдеді.

Orda.kz редакцияларына тінту жүргізіліп, бас редакторының үстінен қылмыстық іс қозғалғалы он күн уақыт өткен. 1 желтоқсанда Orda.kz басылымының негізін қалаушы және бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың пәтерінде, сондай-ақ Алматы мен Астанадағы редакция кеңселерінде тінту жүргізілді. Редакция кеңсесінен бірнеше қызметкерді полиция алып кетіп, тергеген. Полиция "көрінеу жалған ақпарат таратудың бірнеше фактісі" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Іс аясында Orda.kz бас редакторы үйқамаққа алынды.

Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қазақстан билігін Гүлнәр Бажкеноваға тағылған қылмыстық айыптарды алып тастауға, басылым қызметкерлерінің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырды. Бажкенованы қорғап қазақстандық медиа ұйымдар да мәлімдемелер жасады, арасында қылмыстық кодекстен "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабын алып тастауды талап еткендер бар.

8 желтоқсанда ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновке қатысты да қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Оларды Freedom Finance компаниясы басшылығының "алаяқтық схемалары туралы жарияланымдар бойынша" күдікті деп таныды. Әсет Матаев оларға қатысты барлық айып негізсіз екенін айтты. "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы ҚазТАГ ісін тергегенде заңды сақтауға шақырған.

XS
SM
MD
LG