Air Astana әуе компаниясы қолайсыз ауа райына байланысты бірқатар рейстер кешігетінін ескертті.
"Air Astana бүгін, 4 қаңтарда Астанадағы ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстердің ротациялық кідірісі, сондай-ақ кестедегі өзгерістер жалғасып жатқаны туралы хабарлайды" деп жазылған әуе компаниясының хабарламасында.
Бұған дейін әуе компаниясы Airbus A320neo тобындағы ұшақтармен орындалатын рейстердің 3-4 қаңтарға қараған түні ұшып шығуына шектеу қойылғандықтан (тұман және көрінімділіктің төмендігі) кешіктіріліп жатқанын хабарлаған еді.
Әуе компаниясы кестені қалпына келтіруге күш салып жатқанын хабарлады.
Әуе компаниясы өкілдері әуежайға бармай тұрып, компания сайтына кіріп, рейстердің статусын тексеріп алуға кеңес берді.
Онлайн-таблоға қарағанда, Ақтау мен Астанаға рейстер кешігіп жатыр.