Accessibility links

Airan медиа жобасы жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді

Airan медиа жобасының 2026 жылғы 30 наурыздағы шығарылымы. (Скриншот)
Airan медиа жобасының 2026 жылғы 30 наурыздағы шығарылымы. (Скриншот)

Қазақстандағы Airan медиа жобасы жұмысын тоқтатты. Бұл жөнінде редакцияның өзі мәлімдеді.

"Екі апта бойы біздің YouTube-арнамызда тыныштық орнады. Осы уақытқа дейін уайымдаған көрермендер мен әріптестерге қиындыққа тап болғанымызды, оны шешуге тырысып жатқанымызды айтып келдік. Шынымен де солай болды. Жұма, 13 наурызда тікелей эфир хабарын жасап, видео жариялауды тоқтаттық. Осы уақытқа дейін жағдайды реттеуге тырыстық. Қолдан келмеді. Airan media жұмысын тоқтатады", – деп жазды редакция Telegram-парақшасында.

"Өкінішке қарай, қазіргі қалыптасқан жағдайда әрі қарай жұмыс істей алмаймыз. Төрт жыл бұрын [Ресейдің Украинаға] соғысы басталып, Қаңтар оқиғасы болғаннан кейінгі кезеңде ашылып, осы аралықта бізге бағыт-бағдар болған принциптерді таңдап алғанбыз. Сол жолмен жүруге барынша тырыстық, өкінішке қарай, қазір бұл мүмкін болмай қалды. Әлемдегі, елдегі жағдай қандай екені түсінікті, оған көз жұмып қарай алмаймыз", – делінген хабарламада.

YouTube арнасындағы соңғы хабарында бас редактор Дәурен Меркеев жобаның тең құрылтайшысы, журналист Маржан Елшібаевамен бірге осындай шешім қабылдағанын айтты. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардан, күштік құрылымдардан редакцияға қысым болмаған.

– Әлдебір майор хабарласып, "бүлдіргі жұмыстарыңды тоқтатыңдар", "Путинді сынауды доғарыңдар деген жоқ. Министріктерден, погон тақққандар қысым болған жоқ, – деді Меркеев.

"Жаңа Airan ашу жоспарда жоқ, бірақ біз бұл кәсіпті тастамаймыз. Әріптестер жұмыс табады деп ойлаймын, себебі бәрі өз ісінің шебері", – деді ол.

Оның айтуынша, Airan бренді әзірге тоқтап тұрады, барлық видео YouTube-тағы арнада сақталып қала береді.

Осыдан үш күн бұрын ғана Меркеев жобаны сақтап қалу бойынша келіссөз жүріп жатқанын, қиындық "уақытша" екенін айтқан.

"Әзірге жай-жапсарын айта алмаймын, қазір осы қиындықтарды барынша шешу керек, аудитория үшін де, ұжым үшін де маңызды шара қолдану керек. Қазір келіссөз жүргізіп жатырмыз, бүгін және демалыс күндері мәселе шешіліп қалар", – деген еді Мерекеев 27 наурызда.

Airan – Қазақстандағы және әлемдегі қоғамдық-саяси ахуалды талдап, түрлі әлеуметтік тақырыптарға зерттеулер мен репортаждар жасайтын YouTube арна. Оның видеолары жүздеген мың қаралым жинаған.

Орыс тілінде хабар тарататын YouTube-парақшасында 1,18 млн жазылушы бар. Қазақша жағындағы көрермендердің саны 118 мыңнан асқан.

XS
SM
MD
LG