Accessibility links

Айзат Жұманованың қазасы: прокурор сотталушыға 15 жыл түрме сұрады


Сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Сот ғимараты. Көрнекі сурет.

Талдықорғанда "әйелін өлтірді" деп айыпталған тұрғын Жанболат Айбарға прокурор 15 жыл түрме жазасын сұрады. Бұл жөнінде Ulysmedia хабарлады.

Прокурор сотталушының қылмысты жасаған кезде мас күйде болуын жазаны ауырлататын жайт ретінде тануды сұраған.

- Басты сот талқылауы ашық жүргізілді. Соттың айыптау үкімін шығаруға толық негіз бар. Айбар Жанболат жасаған қылмыстың ауырлығын, қоғамдық қауіптілігін, жазасын ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, жаза тағайындауыңызды сұраймын. Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес, жазаны жеңілдететін мән-жай анықталмады. Ал қызына қамқорлық тағайындалған. Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес, жазаны ауырлататын мән-жай оның мас күйде болуы. Сөзімді түйіндей келе, сотталушы Жанболатты Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 1-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұраймын, – деді прокурор.

32 жастағы Айзат Жұманова былтыр маусымда Жетісу облысы Баласаз ауылында қаза болған. Тергеу болжамынша, қылмыс болатын күні сотталушы "бірнеше бөтелке сыра ішіп, әйелінің біреумен телефон арқылы сөйлескені есіне түсіп, бойын қызғаныш кернеп" оны өлтірмек болған. Әйел адам жан ұшырып көмек сұрап, айқайласа да, жолдасы ұра берген. Прокурордың айтуынша, күйеуі әйелінің басынан ұрған. Жедел жәрдем көлігін өте кеш шақырған. Дәрігерлер әйелді құтқаруға күш салғанмен жарты сағаттан кейін көз жұмған.

Тергеу болжамынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық бір рет емес, жүйелі түрде жасалған.

Ақпаратқа қарағанда, әу баста іс "абайсызда адам өліміне әкелген" оқиға ретінде тіркелген, ізінше туыстары эксгумация және қосымша сараптама жасатқаннан кейін іс "адам өлтіру" бабы бойынша қарастырыла бастаған. 15 жыл түрме жазасы осы бап бойынша белгіленген ең жоғары жаза.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберуді де сұраған.

Ақпарат құралдары бұған дейін сотталушының тағылған айыптармен келіспегенін хабарлаған.

Сот ашық өтіп жатыр. Істі судья Әділет Бақытов жүргізіп жатыр.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық және фемицид Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанда өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Ресми мәлімет бойынша, 18-49 жастағы әрбір алтыншы қазақстандық өмірінде бір рет физикалық немесе жыныстық күш көрсетуге ұшыраған.

Қарағанды медицина университетінің зерттеуіне қарағанда, Қазақстанда көп жағдайда әйелдердің басым бөлігіне өзінің серігі күш көрсетеді, 12 пайыз жағдайда ғана өзге адамдар озбырлық жасайды.

Қазақстан бас прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы елде әйел адамды өлтіру фактісі бойынша 137 іс тіркелген. "Адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша - 191, "Орта дәрежеде зақым келтіру" бойынша 594 іс қозғалған. 198 әйел өзіне қол жұмсаған.

XS
SM
MD
LG