Accessibility links

Қажыгелдин қызының қаржысы жайлы не айтты?


Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин. 25 сәуір 2006 жыл.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин. 25 сәуір 2006 жыл.

Журналистік зерттеуде Әкежан Қажыгелдиннің қызының қаржысының түп-төркініне қатысты күмән туған. Қазақстан салық салу ісіндегі ашықтық критерийлеріне сай емес тоғыз елдің қатарында аталған.

ЛОНДОННЫҢ ҚАҚ ТӨРІНДЕГІ ҮЙ

Жаңазеландиялық Radio New Zealand сайтында «Панама құжаттары: Жаңа Зеландия мен Қазақстан арасындағы байланыс» атты журналистік зерттеу нәтижелері жарияланды. Онда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің отбасы Лондондағы үйін жасыру үшін жаңазеландиялық компанияны пайдаланып отыр деп жазылған.

Зерттеуде Панамадағы белгілі Mossack Fonseca адвокаттық кеңсесінің жарияланып кеткен құжаттарында әлемдегі ең қымбат аудандардың бірі әрі Лондонның Букингем сарайына тиіп тұрған Белгравия ауданындағы өзгеше үй Әкежан Қажыгелдиннің қызы Диана Баттальяның меншігіндегі Zarek Investments Limited компаниясына тиесілі деп жазылған. Ұлыбританияның электоралдық тізімдерінде Әкежан Қажыгелдиннің тұрғылықты жері ретінде де осы мекенжай көрсетілген.

Британдық Виргин аралдарында тіркелген Zarek Investments Limited компаниясын адвокат Джеффри Коунға тиесілі жаңазеландиялық Cone Marshall адвокаттық кеңсесі басқарады.

Әкежан Қажыгелдиннің қызы Диана Баттальяның «Панама қағаздарында» жарияланған британдық паспортының көшірмесі. Radio New Zealand сайтындағы фото.
Әкежан Қажыгелдиннің қызы Диана Баттальяның «Панама қағаздарында» жарияланған британдық паспортының көшірмесі. Radio New Zealand сайтындағы фото.

Ұлыбритания мен Венесуэла азаматтығы бар Диана Батталья 2003 жылы әлгі үй үшін 3 миллион фунт стерлингтен (6,5 миллион доллар) астам ақша төлеген. Ол кезде Zarek Investments Limited компаниясын британдық Джерси аралында тіркелген капиталды басқарумен айналысатын компания басқарған. Кейінірек әлгі күрделі құрылымға тағы бір буын – негізгі бенефициары Диана Баттальяның анасы Наталья Қажыгелдина болып саналатын Sintash Foundation қосылған.

Mossack Fonseca фирмасы Әкежан Қажыгелдиннің «саяси тұрғыдан ашық адам» екенін түсініп, әлдебір келеңсіздікті сезген тәрізді. Mossack Fonseca компаниясының Джерси аралындағы трастық компаниямен талайдан бергі алыс-беріс хаттарына қарағанда, әлгі компания өкілдері панамалық адвокаттарға «бенефициардың әкесі екені болмаса, Әкежан Қажыгелдиннің [әлгі құрылыммен] өзге байланысы жоқ, ал Диана Батталья усадьбаны неке бұзу туралы мәміледен түскен ақшаға сатып алған» деп мәлімдеген. Біраз уақыттан кейін Zarek Investments Limited компаниясын басқаруды жаңазеландиялық фирмаға берген.

Әкежан Қажыгелдиннің отбасының қаржысы жайлы журналистік зерттеу жүргізген Radio New Zealand сайтындағы инфографикадан көрініс.
Әкежан Қажыгелдиннің отбасының қаржысы жайлы журналистік зерттеу жүргізген Radio New Zealand сайтындағы инфографикадан көрініс.

Мақала авторларының жазуынша, Лондондағы үйге барған журналистерге Қажыгелдиннің отбасы онда тұрмайтынын айтқан. Бірақ журналистермен кездесуге делдал арқылы әрең келіскен Кажыгелдиндер «қауіпсіздігімізге алаңдағандықтан тұрып жатқан жерімізді құпия ұстағанды жөн көреміз» деп түсіндірген. Журналистік зерттеу авторлары Қажыгелдиндердің айтқан уәждерінің қисынға келмейтіндігіне назар аударған. Мақалада «олар ашық жарияланатын электоралды тізімде отбасының мекенжайы неліктен осы жер деп көрсетілгенін де, сыртқы есігі Лондонның қақ ортасындағы іскерлік аудандардың бірінің көшесіне шығатын үйде қауіпсіздік шаралары не себепті қарастырылмағанын да түсіндіріп жатпады» деп жазылған.

Зерттеуді Consortium of Investigative Journalist және немістің Süddeutsche Zeitung газеті берген материалдар негізінде RNZ News, One News және журналист Ники Хейгер бірлесіп жүргізген.

Ал Жаңа Зеландияның өзінде «Панама құжаттарына» қатысты шыққан жанжал үлкен резонансқа ұласты. Жаңазеландиялық National Business Review журналы «Панама құжаттарына» қатысты шыққан шу әлі талай адвокат пен өзге кәсіпқойларға қозғау салып, Жаңа Зеландияда күмәнді ақшаны заңдастыруға қарсы режим енгізуді тездетеді» деп жазады. Radio New Zealand зерттеуінің нәтижелері жарияланғаннан кейін Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джон Ки әлгіндей режимді енгізу бүкіл әлемді шарпыған «Панама құжаттары» төңірегіндегі айтыс-тартыстарға байланысты тездетілгенін мойындаған. Қазіргі уақытта компаниялар пайдаланатын есеп берудің жеңіл ережелері трастық келісім-шарттар мен офшорлық компанияларға қатысы бар шетелдіктерге көлеңкеден шықпай, өздері жайлы деректерді ашпауға мүмкіндік беріп отыр.

ЛИБЕРИЯ МЕН ҚАЗАҚСТАНҒА ОРТАҚ ТІЗІМ

All Africa сайты ақшаны Либерия арқылы заңдастырудың ықтимал жолдары туралы өз зерттеуін жүргізген. «Либерия: қаржы құпиясының іс-қимылы» атты көлемді мақалада Либерия үкіметі үшін компанияларды ресми тіркеумен айналысатын және, бір қызығы, АҚШ-тың Виржиния штатында орналасқан «Либериялық халықаралық кемелер мен корпорациялар тізімі» (LISCR) жеке меншік компаниясының статусын талдаған.

Мақаладағы ақпарат бойынша, Либерия қазір Еуропа Одағының тоғыз елінде офшорлық аймақ саналады, сондықтан ЕО Еуропа комиссиясы үшін жаңа тізім жасап, оған енген елдерге санкция салмақшы.

Қазір ғаламдық ашықтық және ақпарат алмасу форумы ОЭСР (экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы – ред.) елдеріне салық салу мақсатында әлемдік деңгейдегі офшорлық елдердің тізімін үйлестіретін ұйым болып саналады. 131 ел кіретін форум ол елдер салық салу және ашықтық талаптарына сай келе ме, жоқ па – соны тексереді. Мақала авторларының жазуынша, форум шолуының бірінші кезеңінен әлі күнге дейін өтпеген сегіз мемлекеттің қатарында Либериямен бірге Қазақстан да бар.

Үндістанның Deccan Chronicle газеті Қазақстанда алғашқы үнді фильмін түсіру жоспары жайлы жазған. Үндістандағы санаулы әйел режиссерлердің бірі Джайя «фильм әндерін тіпті әсерлендіре» түсу үшін және тың дүние көрсеткісі келгендіктен, Vysakham фильмінің екі клипін Қазақстанда түсіруді ұйғарғанын айтады.

XS
SM
MD
LG