Accessibility links

Ақтөбе соты "ҚДТ ісіне араласты" деп күдікке ілінген белсенді Молдиннің ісін қарай бастады


Белсенді Әлібек Молдин.
Белсенді Әлібек Молдин.

14 желтоқсан күні Ақтөбе қалалық №2 соты белсенді Әлібек Молдинге қатысты қылмыстық істі қарай бастады. Тергеушілер Молдинді "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" (ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бап 2-бөлігі) деп айыптап отыр. Онлайн сотта Әлібек Молдин өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, қылмыстық істі өзінің азаматтық позициясымен байланыстыратынын айтты.

Мемлекеттік айыптаушының cөзінше, "Көше партиясы" қозғалысының Telegram-чатында 2020 жылғы 22 мамыр күні жарияланған жазбаға байланысты "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп күдікке ілінген бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Солардың бірі – Әлібек Молдин. Прокурор айып тағылғандардың нақты санын айтпады.

Адвокат Әділ Түлкібаевтың айтуынша, белсенді Молдин қазан айынан бері үйқамақта отыр. Оған үйінен ұзап шығуға, телефонмен сөйлесуге, мессенджерлерді пайдалануға тыйым салынған. Дүйсенбі күнгі сот отырысында Молдиннің адвокаты судья Теміржан Алдановтан үйқамақты ешқайда шықпау туралы қолхатпен ауыстыруын сұрады.

– Әлібек Молдиннің кәмелетке толмаған балалары бар. Ешқайда шықпау туралы қолхатпен жүрсе, жұмыс істеп, отбасын асырар еді. Үйқамаққа алынғандықтан, бұл мүмкін болмай тұр, – деді адвокат. Судья бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Молдиннің адвокаты тергеу келтіріп отырған дәлелдерге де күмән білдіріп, судьяға бірнеше рет шағым түсірді. Кеңесу бөлмесіне үш рет барып келген судья Алданов үшеуінде де адвокат шағымын қанағаттандырмай тастады. Осыдан кейін сотталушы Молдин сотқа сенімсіздік білдірді.

– Сот адвокаттың үш шағымын да қанағаттандырмай тастады. Сондықтан [сот әділ өтеді дегенге] сене алмаймын. Іс объективті қаралып жатқан жоқ, – деді Әлібек Молдин.

Келесі сот отырысы 15 желтоқсанда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG