22 маусым күні Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында үш адамның мезгілсіз ажалына себеп болған көлік апаты бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша айып тағылған кәсіпкер Александр Пакқа үкім шықты.
Судья сотталушының кінәсі айқын және айыбы куәлар жауабы мен жүргізілген сараптамалар қорытындысы негізінде дәлелденді деген ұйғарымға келіп, Пакқа 10 жылға бас еркіндігінен айыру жазасын кесті.
Сот үкіміне сәйкес, ол жазасын қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтейді. Бұған қоса сот Пакты өмір бойына көлік айдау құқығынан айырды.
Бұған дейін прокурор судьядан Александр Пакты 10 жылға бостандығынан айыруды сұраған.
Сот жол апаты салдарынан қаза тапқан Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстем Шотеновтың азаматтық арызын ішінара қанағаттандырды. Ол бұған дейін сотталушыдан моральдық-материалдық өтемақы ретінде 100 миллион теңге талап еткен. Сот талапкердің арызын ішінара қанағаттандырып, Пакты оған 10 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Бұған дейін сот тыңдауы барысында айыпталушы Александр Пак кінәсін мойындап, марқұмдардың отбасынан кешірім сұраған. Көлік апатынан қаза тапқан үш адамның туыстары Александр Пакты кешіретінін айтып, соттан оны бостандығынан айырмауды сұраған. Жәбірленушілер қатарына кейінірек қосылған Рүстем Шотенов Пакты кешірмейтінін мәлімдеген еді.
Айыптау құжаттарына сәйкес, 1993 жылы туған Александр Пак биыл 21 наурызға қараған түні жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr X автокөлігін Алматының Әл-Фараби даңғылымен батыс бағытқа қатты жылдамдықпен айдап бара жатқан кезде жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Mercedes-Benz C300 жеңіл көлігімен соқтығысқан.
Салдарынан Mercedes-Benz C300 көлігінің жүргізушісі және екі жолаушы – Еламан Тілемісов, Құмар Теңеубаева мен Томирис Қыдырбек – оқиға орнында қаза тапқан.
Тергеу мәліметтері бойынша, Пак жол ережесін бірнеше рет бұзып, қала ішіндегі жолда көлікті сағатына 200 шақырымнан асатын жылдамдықпен айдаған. Апаттан кейін жүргізілген медициналық сараптама Пактың қанында 1,3 промилле алкоголь барын анықтаған.
Өткен аптада сотта жауап берген Пак "жылдамдықты 130-дан асырмағанын, жылдамдықты асыруға техникалық ақау түрткі болғанын" айтқан. Ол сонымен бірге "көлікті қатты мас күйде айдағанын" да жоққа шығарған.
Бұл көлік апаты қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғалардың біріне айналды. Әлеуметтік желі қолданушылар оны қызу талқылап, оған ықпалды тұлғалардың қатысы болуы ықтимал деген болжамдар айтылды және полиция тарапынан "жауырды жаба тоқу" әрекеті болуы мүмкін деген күдіктерді күшейтті. Осыдан кейін ІІМ ішкі қауіпсіздік қызметі Алматы полициясындағы жауапты қызметкерлердің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ықтималдығы бойынша бөлек қылмыстық істер қозғады.
Қоғам қысымы күшейген соң, ішкі істер министрі Ержан Сәденов бірнеше жоғары лауазымды полиция басшысы қызметінен босатылғанын мәлімдеп, тергеу барысын жеке бақылауына алғанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та істі объективті тергеуді қамтамасыз ету жөнінде тікелей тапсырма берген еді.