Accessibility links

Алматыда 31 қазандағы митингіге қатысады деген белсендінің үйін тінтуге келді


Алматы тұрғыны Қалас Нүрпейісов наразылық жиынында сөз сөйлеп тұр. Алматы, 1 мамыр, 2019.
Алматы тұрғыны Қалас Нүрпейісов наразылық жиынында сөз сөйлеп тұр. Алматы, 1 мамыр, 2019.

31 қазанда Алматыда өтеді деп жоспарланған митингінің ұйымдастырушысы шараға қатысады деген Қалас Нұрпейісовтің пәтеріне тінту жасалғалы жатқанын хабарлады. Белсенділердің саяси реформа жүргізіп, қуғын-сүргінді тоқтатуды талап етеміз деген митингісін өткізуге Алматы қалалық әкімдігі келісім берген.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов 29 қазанда Facebook-тегі парақшасында: «Қалас хабарласты. Полицейлер тінту жүргізу үшін онымен бірге үйіне бара жатқанын айтты. Қаластың айтуынша, оған шақыртуды да, қамау хаттамасын да көрсетпеген, енді еш құжатты, тінтуге берілген санкцияны көрсетпестен үйіне алып бара жатыр» деп жазды. Ағелеуов – 31 қазанға жоспарланған митингіні ұйымдастырушылардың бірі.

Кейінірек ол полицейлер Нұрпейісовтің пәтерінде тінту жүргізу туралы қаулыны көрсеткенін жазды. Ағелеуовтың айтуынша, тарих пәнінің мұғалімі Қалас Нұрпейісов - сенбі күні Алматыда өтетін митингіде сөз сөйлейтіндердің бірі. 41 жастағы Алматы тұрғыны бейбіт қарсылық шараларына қатысқан соң бірнеше мәрте ұсталып, әкімшілік қамауға алынған.

Ағелеуов постында тіркеген тінту жүргізу туралы қаулыда Нұрпейісов тұратын пәтерде «Көше партиясы» қозғалысының «лидерлері мен қатысушылары» бойынша «тергеліп жатқан қылмыстық іске қатысы бар заттар болуы мүмкін» деп жазылған.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласу мүмкін болмады, баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек телефон қоңырауына жауап бермеді.

Осы айдың басында «Либерти» қорының президенті Ғалым Ағелеуов пен «Ар.Рух.Хақ» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина саяси реформа жүргізуді, саяси себеппен қуғындауды тоқтатуды талап етіп, 31 қазанда 500 адаммен өткіземіз деп жоспарлаған митингіге әкімдік рұқсат бергенінін хабарлаған. Әкімдік төртінші мәрте өтініштен кейін ғана шараны өткізуге келісім берген. Жиын Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы сквер маңында өтпек.

Басқа аймақтардағы белсенділер де өз өңірлерінде осы күні митинг өткізуге талпынып, рұқсат ала алмаған.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, 31 қазанға белгіленген рұқсат етілген митинг қарсаңында түрлі қалалардағы белсенділер қуғындалып жатыр. Qaharman құқық қорғау қозғалысының мәліметі бойынша, жеті қалада «саяси қуғындаудың 20 фактісі» тіркелген. Соның ішінде Қылмыстық кодекстің «Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу» (405-баптың 2-бөлімі) бабы бойынша «соттың санкциясынсыз» Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында 13 адамның үйіне тінту жүргізілген, үш адам әкімшілік қамауға алынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG