Алматы облысы Кеген ауданында өртелген мәйіт табылды. Таулы аймақтан мәйіттің табылғаны жөнінде ақпарат құқық қорғау органдарына 23 маусымда түскен. Тергеу-жедел тобы оқиға орнына барған. Қазіргі кезде марқұмның аты-жөні анықталған, ол полиция қызметкері болып істеген.
“Жедел-іздестіру шаралары кезінде күдіктілер ұсталды. Арасында марқұмның жұбайы мен ұлы да бар. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалған” деп жазылған полицияның хабарламасында.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір қылмыстың жай-жапсары анықталып жатқаны хабарланды.
Ақпарат құралдарында қаза болған ер адамның аты-жөні де жарияланды. “Ұлысмедианың” жазуынша, мәйітті сол маңда мал іздеп жүрген жергілікті шопан Көкпек – Көктал – Кеген жолының 52-шақырымында тауып алған. Мәйіт 100 пайыз жанып кеткен. Басылымның жазуынша, марқұмның оң қолынан күйген арқанның қалдығы да табылған.