26 маусымға қараған түні Алматы облысында полиция Бәтиқа Біләштің үйін тінтіп, өзін Қонаевтағы басқармаға алып кетті. Бұл жөнінде Азаттыққа оның күйеуі Амантай Ағидолла хабарлады.
“Не үшін ұстағанын білмейміз. Қазір сол полицияда жүрміз” деді ол жұма күні таңертең.
Оның сөзінше, полиция үйден істемей қалған ұялы телефон, бірнеше Құранды тәркілеген.
“Шамамен 20 шақты адам: арасында арнайы жасағы бар, полициясы бар, барлығы келіп, камераға түсіріп кетті. Үйді тінтті. Бәтиқаны алып кетті. Оны нақты қашан ұстағанын білмеймін. Топшылауымша, сағат 6-7 лерде үйден алып кеткен сияқты. Полицияға апарып, одан кейін қайта үйге келді. Тінтті. Сағат 23.00-ден асқанда Қонаевқа полиция департаментіне алып кетті” деді ол.
Адвокат Шынқуат Байжанов қазір полицияға бара жатқанын, әзірге ешқандай мәліметі жоғын айтты.
Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпаратты анықтап көретінін айтты.
"Қазір ақпаратын алайын. Білейін" деді баспасөз қызметінің өкілі.
Бәтиқа Біләш – АҚШ-та тұратын Шыңжаңдағы қуғын жөнінде айтып жүрген белсенді Серікжан Біләштің әпкесі. Оның ұсталуының оған қатысы бар-жоғы белгісіз.