Accessibility links

Алматы облысындағы Түрген шатқалынан 58 адам эвакуацияланды

Алматы облысындағы Түрген шатқалы
Алматы облысындағы Түрген шатқалы

Қатты нөсердің салдарынан Алматы облысындағы Түрген шатқалында өзен деңгейі көтеріліп, Түрген – Ассы тасжолын су шайып кетті. Су басқан аймақта 17 киіз үй орналасқан. "Водник" бау-бақша серіктестігіндегі бірнеше ауланы да су алған. Бұл жөнінде 2 шілдеге қараған түні төтенше жағдай министрлігі хабарлады.

Құтқарушылар 58 адамды эвакуациялады: арасында 21 бала, 8 шетел азаматы бар. Ешкім зардап шекпеген. Министрлік сел қаупі бар аумақты бақылап отырғанын айтты. Аталған жұмыстарға жалпы жеке құрамның 300-ге тарта мүшесі мен 44 техника жұмылдырылған.

Алматы қаласы мен облыс аумағында кейінгі екі күнде жауған жаңбыр жұртты әбігерге салды. Бір күн бұрын Ақсай өзені тасып, өзен маңындағы үйлер мен ғимараттарды су басу қаупі төнгені хабарланған еді. Әуелі министрлік Наурызбай ауданы тұрғындарына су қаупі төнгені жөнінде хабарлап, эвакуация қажеттігін айтқан. Бірақ кейін тұрғындарды эвакуациялау қажет болмады деп мәлімдеді.

Ақсай өзенінің Алматы облысына қарайтын бір тұсында ағын сумен келген қоқыс көпірді бітеп, сол маңдағы супермаркетті су алды. Аумаққа құтқарушылар, төтенше жағдай мамандары, әскери қызметкерлер барды.


Айдар
XS
SM
MD
LG