Алматы қаласының Бостандық аудандық соты 5 қарашада бұрынғы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қарсы азаматтық ісі бойынша шешім шығарды.
Бейсембаев соттан 2025 жылы қазанда Бажкенованың әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған өзі мен бұрынғы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің туыстығы туралы ақпаратты жалған әрі абырой мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп тануды талап еткен.
Талапкер осы іс бойынша 2026 жылы 30 маусымда Алматының әкімшілік соты шығарған шешімге сүйенген. Ол кезде Бажкенова жала жабу ісі бойынша кінәлі деп танылып, 778 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелген еді.
Азаматтық іс 7 қазанда қарала бастады. Бейсембаев Бажкеновадан материалды өшіруді, бес жұмыс күні ішінде терістеуді және моральдық өтемақы ретінде 20 миллион теңге төлеуді талап еткен.
Алғашқы сот отырысына дейін жауапкер тарап миллион теңге көлеміндегі өтемақыны бөліп төлеуді ұсынып, медиациялық келісім жасауды ұсынған.
7 қазандағы алғашқы отырыста талапкердің өкілі бұрынғы министрдің кәсібилігі туралы материал жазуды да талап еткен. Алайда 5 қарашадағы сот шешімінде ол жөнінде ештеңе айтылмаған.
Бажкенова талап арызбен келіспеді. Оның пікірінше, әкімшілік соттың қаулысы моральдық өтемақының мөлшерін және 20 миллион теңге талап етуге қаншалықты негіз бар дегенді анықтамайды. Оның сөзінше, талапта көрсетілген зардап объективті дәлелдермен расталмаған. Ол соттан талапты қанағаттандырмауды немесе өтемақы көлемін негізді мөлшерде белгілеуді сұрады.
Судья Айдар Өтебеков талапты ішінара қанағаттандырды. Сот Бажкенованың 2025 жылғы 7 қазанда Facebook, Instagram және Telegram-дағы Bazhkenova vs. арнасында жариялаған мәліметтерінің мына бөлігін шындыққа сәйкес келмейді әрі Бейсембаевтың ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп таныды:
- Ғани Бейсембаев пен Мұрат Нұртілеудің туыстық немесе құдандалық байланысы бар деген мәлімет;
- Бейсембаев осы байланыстың арқасында қызметте жоғарылады деген тұжырым.
Сот Бажкеноваға шешім заңды күшіне енгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде 2025 жылғы 7 қазандағы материалдарды өшіруді және сол әлеуметтік желілердегі аккаунттарда теріске шығаруды міндеттеді.
Сонымен қатар сот Бажкеновадан Бейсембаевтың пайдасына 500 мың теңге моральдық өтемақы және 7 162 теңге мемлекеттік баж өндіріп алу туралы шешім шығарды. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырылған жоқ.
Азаттық Азияның сот шешіміне қатысты сұрағына Бажкенованың адвокаты Эльдар Мұсаев оның азаматтық талаппен келіспейтінін жеткізді. Қорғаушының айтуынша, талап әкімшілік соттың шешіміне негізделген.
«Алғашқы әкімшілік сот отырысына ол қатысқан жоқ, өйткені процесс туралы оған бір күн бұрын ғана хабарлаған. Ол кезде адвокаты да болмаған, сондықтан өзін қорғауға мүмкіндігі болмады. Оның үстіне сол уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дайындалып жүрген еді. Істің мән-жайын ескерсек, сот бұрын жарияланған ақпараттың шын-өтірігін анықтау мәселесін шешкен жоқ. Сондықтан азаматтық іс бойынша соттың шешімін жеткілікті дәрежеде әділ деп санаймын. Өйткені талапкер негізсіз үлкен сома талап етті» деді адвокат.
Тамыз айында Гүлнар Бажкенова қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, жаза екі жылға кейінге қалдырылған. Оған журналистикамен айналысуына тыйым салынған.
Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған: 189-бап — «Бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу», 214-бап — «Заңсыз кәсіпкерлік» және 274-бап — «Көрінеу жалған ақпарат тарату». Ол айыптарды мойындамады. Журналист редакцияның тәуелсіздігі мен кәсіби ұстанымдарын қорғағаны үшін сот алдында жауап беріп отырғанын айтты.
Гүлнар Бажкенова — қазақстандық журналист және медиаменеджер. Ол әр жылдары бірнеше ірі медиа жобаны басқарған. Қылмыстық қудалауға дейін Orda.kz интернет-басылымының бас редакторы болған. Бажкеноваға үкім шыққаннан кейін басылым жұмысын тоқтатты.
Ғани Бейсембаев 2023 жылғы 4 қаңтардан 2025 жылғы 29 қыркүйекке дейін оқу-ағарту министрі болды. Мұрат Нұртілеу 2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы қыркүйекке дейін сыртқы істер министрі қызметін атқарды. 2025 жылдың күзінен бері ол президенттің халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі.