14 шілде күні Алматы қаласының Медеу аудандық соты "Көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап) айыбы тағылған белсенді Айжан Мамешованың бостандығын екі жылға шектегенін жариялап, ізінше амнистия заңына сүйеніп оны жазадан босатты.
Мамешова "Жанұя" балалар үйіндегі заңсыздықтар туралы Facebook әлеуметтік желісінде пост жариялағаннан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша айыпкер ретінде жауапқа тартылды.
Сейсенбідегі сот отырысының аяғында судья Жасұлан Құсайынов Айжан Мамешова айыпты деген үкімін оқыды.
– Сот Айжан Мамешованы кінәлі деп танып, оған екі жылға бостандығын шектеу жазасы тағайындайды, – деді судья. Бұдан соң ол Мамешова Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистияға байланысты жазадан босатылады деп хабарлады.
Сот үкімімен Айжан Мамешоваға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға бес жылға тыйым салынды. 2025 жылғы қыркүйектен бері үйқамақта болған белсенді ешқайда кетпеу туралы шартпен бостандық алды.
Белсенді өзіне тағылған айыпқа да, үкімге де келіспейтінін айтып, қылмыстық іс ойдан құрастырылған деп мәлімдеді.
– Іс тапсырыспен жасалған, міндетті түрде шағым түсіреміз, – деді Мамешова.
Айжан Мамешова 2025 жылдың сәуір айында "Жанұя" балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің мүлкі заңсыз тартып алынып жатқаны, балаларға арналған жеңілдіктер шектеліп, жасөспірімдерге қысым жасалатыны жөнінде пост жазған. Осыдан кейін полиция "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бастапқыда қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесінде болған белсенді кейін күдіктіге айналған. Былтыр қыркүйекте полиция қызметкерлері Мамешованы үйінен күштеп ұстап әкеткен еді. Кейін оның 48 сағатқа қамалғаны белгілі болды. Көп ұзамай тергеу соты белсендіні үйқамаққа алу туралы шешім шығарған.
Заңгерлер мен қоғам өкілдері полиция Айжан Мамешованы ұстаған кезде қылмыстық-процестік кодекс пен адам құқығы жөніндегі халықаралық конвенция нормалары бұзылды деп мәлімдеген. Олар Мамешованың ұсталуын оның белсенділігімен байланыстырған.
Батыстың құқық қорғау ұйымдары, халықаралық медиақауымдастық Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі 274-бапты сөз бостандығын шектеу құралы деп бағалайды. Олар бұл баптың анықтамалары жалпылама және "көрінеу жалған ақпарат" деген түсінік нақты емес, бұл — сот пен құқық органдарына айыптауда тым кең еркіндік береді деп санайды.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы жалған ақпаратты жариялау, тарату деген бап сөз еркіндігіне қауіп төндіретін бап деп атаған. Ұйым сарапшылары Қазақстанда билікті сынаушыларға қарсы осындай заң талабы мен бұлыңғыр қылмыстық айыптауды қолдану қалыпты жағдайға айналып кетті деп сын айтады.
Қазақстан билігі азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір заң жоқ дейді. 2024 жылы қаңтарда "Егемен Қазақстан" газетіне сұхбатында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ" деп мәлімдеген.