Алматының №2 Медеу аудандық соты ЛГБТ-белсендісі Әмір Шәйкежановты 5 жылға бас бостандығынан айырды. Шәйкежановқа екі бап: "Зорлау" (120-бап 1-бөлігі) және басқа адамға "ВИЧ жұқтыру" (118-бап 1-бөлігі) бойынша айып тағылған. Бұл жөнінде жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
Сот айыпталушыны "Зорлау" бабы бойынша кінәлі деп таныған. Мерзімі өтіп кеткендіктен екінші айып алынған. Сот жабық өтті.
Соттың хабарлауынша, сотталушы 2025 жылы наурызда А. есімді қызметкердің “қорғансыз күйін пайдаланып”, өзінде ВИЧ барын біле тұра оны зорлаған. Соттың хабарлауынша, сотталушының “кінәсі жәбірленушінің жауабы және видеожазбалармен де дәлелденген”.
Ал Шәйкежанов өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол былтыр видео таратып, өзінің кінәсіз екенін мәлімдеген.
Сот үкімі күшіне енбеді.
Әмір Шәйкежанов – ЛГБТ белсенді, квир-бар және "Амировка" қауіпсіз алаңының негізін қалаушы. Ол ВИЧ тестілеуді таратуды көздейтін платформа Amanbol жобасына да жетекшілік етеді.
Былтыр күзде Шәйкежанов адвокатын күтіп тұрған шақта өзге сотталушылардың оған тап бергені хабарланған еді. Ізінше ол өзіне қауіп төнгенін айтып, шағым жазған.