13 қарашада Алматының Бостандық аудандық сотында "Гиперборей" YouTube-арнасының авторы, журналист Вадим Борейконың үстінен түскен шағым бойынша сот шешімі оқылды.
Сот журналист Вадим Борейкодан «Etude-Ybyrai» компаниясының пайдасына 43 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бұған қоса, материалдарды YouTube, Instagram желілерінен алып тастап, терістеуге міндеттеді.
Журналистке шешім оқылғаннан кейін Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі де сот шешімі туралы хабарлама жариялады. Онда журналистің сот шешімі күшіне енгеннен кейін материалдарды он күн ішінде өшіріп, терістеу жариялауға міндетті екені жазылған.
"Сот тараптар ұсынған дәлелдемелер мен сот сараптамаларының қорытындыларын зерттей келе, Б. таратқан мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сот-экономикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату нәтижесінде «Т» ЖШС-не келтірілген залалдың мөлшері 43 млн теңгеден астам соманы құрады" деп жазылған сот хабарламасында.
Бастапқыда компания журналистен шамамен 71 млн теңге өндіріп беруді және материалдарды терістеуді талап еткен. Шағымға "Гиперборей" YouTube-арнасында шыққан "Премьер" тұрғын үй кешені туралы жеті материал себеп болған.
"Etude-Ybyrai" компаниясы журналисті "іскерлік беделге нұқсан келтірді" және "жалған ақпарат таратты" деп айыптады. Компанияның айтуынша, журналистің материалдары компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіріп, қаржылай шығынға ұшыратқан.
Ал қорғау жағы журналист қоғамдық маңызды даудан хабар таратқанын, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының ресми жауаптары мен бұрынғы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың сөзін келтіргенін, екі жаққа да пікірлерін айтуға мүмкіндік бергенін, өз тарапынан ешқандай пікір қоспағанын айтты.
Бұған дейін жүргізілген экономикалық сараптама құрылыс компаниясының шығыны 43 млн теңге деп көрсеткен. Алайда қорғау жағы дәл осы шығынды журналист келтірді деп санау мүмкіндігіне күмән келтірген.
Жұма күні сотқа журналисті қолдаған ондаған адам жиналды. Сот шешімі журналистің туған күні оқылды. Сот шешімі шығар кезде бір күн бұрын интернетте «журналисті еске алу кеші» туралы фейк тараған еді. Ол жөнінде журналист Вадим Борейконың өзі:
«13 қарашада болатын туған күніммен мені алдын ала құттықтай бастапты. Оның үстіне, дәл сол күнге менің үйімнің мекенжайында «жаназа шығарып, ас беруді де» жоспарлап қойыпты. Бүгін Telegram-да осындай хабарлама тарады. Бір қызығы, оны менің Telegram-арнамнан шыққандай етіп көрсеткен. Мұны көріп, жүрегім тоқтап қалар деп үміттенетін шығар. Бірақ халық ырымында керісінше: мұндайды естіген адам ұзақ өмір сүреді дейді» деп жазды ол 12 қарашада.
- Вадим Борейко билік орындары мен шенеуніктер туралы сыни хабарлар шығаратын тәуелсіз журналист ретінде танылған. Биыл ақпанда әлдекімдер оның Facebook пен Instagram-дағы аккаунттарын бұзған. Журналистикада 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген Борейко 2000 жылдары "Время", Forbes.kz, Ratel.kz басылымдарында жұмыс істеп, одан кейін YouTube платформасында "Гиперборей" арнасын ашқан. Биыл қыркүйектің басында журналист YouTube-арнаcының жұмысын белгісіз мерзімге тоқтатқанын хабарлаған.
- 2023 жылдың басында белгісіз біреулер Вадим Борейконың пәтерінің есігін құрылысқа пайдаланылатын затпен желімдеп кеткен. Ізінше онымен бірге жұмыс істейтін бейнеоператор Роман Егоровтың екі автокөлігін біреулер өртеп жіберді. Егоров бұл әрекет өзінің кәсіби қызметімен байланысты деп санайтынын айтқан. Сол жылы күзде Алматы соты журналистерге шабуыл ұйымдастырды деп айыпталған адамдарға шартты жаза бергені белгілі болды (сотталушылардың өзге де журналистерге жасалған шабуылға қатысы бар деп айтылған).