Accessibility links

Алматыда ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев ұсталды

Әсет Матаев.
Әсет Матаев.

Алматыда ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев ұсталғаны хабарланды.

Ақпаратты алғаш болып журналист Михаил Козачков таратты. Оның дерегінше, Әсет Матаев “Бұзақылық” бабы бойынша күдікке ілінген.

Журналистің жазуынша, алдын ала ақпарат бойынша, 17 наурызда кешке “Достық Плаза” сауда орны маңында төбелес болып, полиция оған қатысқандарды ұстаған. Арасында Матаев та бар. Қазір ол уақытша қамау изоляторында.

Алматы полициясы ақпаратты растады. Алдын ала мәлімет бойынша, “екі адам мас күйде ойын-сауық орнынан шыққаннан кейін сөзге келіп қалған”. Оның соңы "төбелеске ұласқан".

Полиция төбелеске қатысушыларды ұстап, бөлімшеге жеткізген. “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ҚазТАГ ақпарат агенттігі оқиғаға байланысты комментарий жариялады.

“Бізге оқиғаның болғаны ғана белгілі, оқиға салдарынан Әсет Матаев зардап шеккен. Қазіргі кезде редакцияда оқиға туралы толымды ақпарат жоқ. Құқық қорғау органдары мен адвокаттардан жай-жапсарын түсіндірулерін күтіп отырмыз және тергеу әділ болады деп үміттенеміз. Оқиғаның жай-жапсары аяқталғанға дейін алдын ала тұжырым жасамауды сұраймыз” деп жазылған редакция хабарламасында.

18 наурызда түстен кейін адвокат Рена Керимова қамауда отырған ҚазТАГ басшысы Әсет Матаевқа кіріп шыққанын хабарлады. Оның сөзінше, Матаевқа бір топ адам жабылған, соның салдарынан оның басы жарылған.

“Ол шынымен де бұзақылық күдігімен ұсталған. Алайда Әсет бірнеше белгісіз адам өзін арандатқанын айтты. Өткен түні ол досымен бірге Достық даңғылындағы бардан шығып, таксиге отырмақ болған. Бірақ жолда белгісіз ер адамдармен жанжалдасып қалған. Сәл керілдескеннен кейін Әсеттің сөзінше, бес-алты адам (арасында қыздар да болған – Р.К) оған және досы Уәлиханға жабылып, ұрып-соққан. Қазір ғана сот-медициналық сараптамаға апардық. Әсеттің басы жарылған, оның басында ашық жарақат бар, сол жақ маңдай сүйегінің бір бөлігі сынған, гимосинус, сол жақ маңдайында жарасы бар. Ол өзін өте нашар сезініп отырғанын айтты” деді Керимова.

2025 жылы желтоқсанда басында ҚазТАГ басшысы Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Содан бері Қасенов үйқамақта отыр, қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. 2026 жылы қаңтарда прокуратура Матаевты да үйқамаққа алу туралы өтініш беріп, кейін оны қайтарып алған. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.

XS
SM
MD
LG