"Азаттық Азия" тілшісі Бағдат Асылбекті өз ырқынан тыс полиция бөлімшесіне алып кеткенде оның Алматыдағы пәтеріне белгісіз адамдар заңсыз кірген.
22 қазан күні таңертең Бағдат Асылбекке өзін киберқылмыспен күрес полициясының қызметкерімін деп таныстырған адам қоңырау шалған. Ол жазда журналистің Kaspi банкіндегі шотына ақша түскенін және оны қайтару керегін айтқан. Журналист банкке барып, төлем терминалы арқылы белгісіз біреу салған қаражатты қабылдаудан бас тарту туралы өтініш жазған.
Полиция қызметкерлері журналисті банк ғимаратының алдында күтіп тұрған. Олардың қолында полицияға ресми шақырту қағазы болмаған, ал Бағдат Асылбек полиция бөлімшесіне өз еркімен баруға дайын екенін айтқан. Соған қарамастан, оны полиция көлігіне отыруға мәжбүрлеген.
Алматы қалалық полиция департаментінде журналистің үстінен арыз түскенін хабарлаған. Тергеушінің айтуынша, арызданушы OLX хабарландыру платформасында сатуға қойылған смартфон үшін алдын ала төлем ретінде 100 мың теңге (шамамен $200) аударғанын, бірақ тауарды алмағанын айтқан. Полиция бұл ақша Бағдат Асылбектің Kaspi шотына түскенін айтқан. Алайда журналист смартфон сату туралы ешқандай хабарландыру жарияламаған.
Бағдат Асылбек полиция бөлімшесінде түсініктеме жазып жатқан кезде, оның пәтеріне белгісіз адамдар кірген. Көршілерінің айтуынша, бетперде тағып, күләпарасын бастыра киген екі ер адам есікті күшпен ашып, ішке енген.
Үйіне оралған журналист ұрлық белгісін байқамаған, заттары жоғалғанының айқын белгілерін таппаған. Пәтердің есігі құлыптаулы болған, ал ноутбук сияқты заттар орнында тұрған.
Бағдат Асылбек үйіне әлдекімдер заңсыз басып кіргені туралы хабарлап, полиция шақырған. Учаскелік полиция инспекторынан кейін келген жедел тергеу тобы есіктен саусақ іздерін, куәгерлерден жауап алған. Көршілер түсініктеме беріп, бетперде киген адамдар түсіп қалған бейнежазбаларды тапсырған.
Бағдат Асылбек тұрғын үйіне заңсыз басып кіру фактісі бойынша арыз жазды.
"Журналисті полиция бөлімшесінде ұстап отырған кезде оның пәтеріне біреулер кірген. Егер ештеңе ұрланбаса, онда "олар онда не істеді?" деген сұрақ туындайды. Олар ішке бірдеңе әкеліп тастауы немесе қандай да бір құрылғыны [жасырын] орнатып кетуі мүмкін деген қауіп бар. Жеке өзім бұл екі оқиғаны өзара байланысты деп есептеймін, өйткені журналистің үйде болмайтынын нақты біліп, оның пәтеріне сенімді түрде кіруі — таңғаларлық сәйкестік. Меніңше, бұл — журналиске сес көрсету, қысым жасау элементі, қоқан-лоқы немесе "ескерту", — деді Бағдат Асылбектің адвокаты Елена Жигаленок.
"Азаттық Азия" өз тілшісіне қатысты оқиғалар бойынша пікір алу үшін Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбекке хабарласты. Сондай-ақ редакция Қазақстан ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады. Материал жарияланғанға дейін ешқандай жауап келген жоқ.
Болған оқиға құрамына "Азаттық Азия" кіретін Азат Еуропа/Азаттық радиосы басшылығының алаңдаушылығын туғызды.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосының Алматыдағы журналисіне қысым көрсету және қорқыту туралы хабарларға қатты алаңдаулымыз. АЕ/АР Қазақстан билігі баспасөз бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін орындайды және журналистердің қудалаудан қорықпай жұмыс істеуіне жағдай жасайды деп күтеді", — деді Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Лиза Кертис.
"Азаттық Азия" — "Азат Еуропа /Азаттық радиосы" (АЕ/АР) медиакорпорациясының Орталық Азияда орыс тілінде хабар тарататын бөлімшесі. Бағдат Асылбек Азаттық радиосында төрт жылдан бері жұмыс істейді, ол саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелер туралы материал жазып, соның ішінде атышулы сот процестерінен хабар таратып келеді.