Accessibility links

Алматыда белсенді Санжар Боқаевтың соты басталды

Журналистер Санжар Боқаевтың сотын монитор арқылы қадағалап отыр. Алматы, 16 қазан 2026 жыл.
Журналистер Санжар Боқаевтың сотын монитор арқылы қадағалап отыр. Алматы, 16 қазан 2026 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотында белсенді Санжар Боқаевқа қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды.

Алғашқы сот отырысында журналистер отырған бөлмедегі экран шамамен 20 минуттай істемей тұрды. Тек осыдан кейін ғана қосылды. Бірақ ондағы дауыс сапасы нашар.

Сотқа Боқаевтың ондаған жақтасы келді.

Сот "процесс оффлайн өтеді" деп адвокат Айман Омарованы процеске қоспай қойды. Мұны Мадияр Қалменовтың адвокаты қорғау жағына кедергі ретінде бағалады. Ал судья ешқандай кедергі жоғын, отырыс оффлайн ретінде белгіленгенін айтты.

Санжар Боқаевтың ісінде адвокаттар істі прокуратураға қайтару туралы өтініш берді, себебі олардың айтуынша, істе заңбұзушылықтар бар.

Адвокаттардың сөзінше, тергеу органдары іс материалдарын айыпталушыларға толық бермеген. Соған қарамастан іс сотқа жөнелтілген. Қорғау жағы видеосы бар дискпен де таныспағанын да жеткізді. Айтуларынша, дискті алған кезде ашылмай қойған.

“Бізге тергеу, айғақтарды тексеру, пәтер мен көлікті тінтудің видеоларын көруге рұқсат бермеді. Айыптау мен қорғау жағы іс материалдарымен танысу құқығынан айырылды. Сондықтан біз өтініш бере алмаймыз. Біз оларды сот отырысы басталғанға аз уақыт алғанда алдық, оларды жүктеуге уақыт кетті және оларды әлі де қарау қажет” деді адвокат Алма Мусина.

Сотта үзіліс жарияланды.

Сот кезінде Санжар Боқаевқа бес бап бойынша айып тағылғаны белгілі болды: “алаяқтық” (190-бап), “ұрлық” (188-бап), “қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру” (218-бап), “ағашты заңсыз кесу” (340-бап), “жалған ақпарат тарату” (274-бап).

Санжар Боқаевпен бірге оның видеографы Ұлан Нүсіпқожа мен Боқаевтың туысы делінген Мадияр Қалменов те сотталып жатыр.

44 жастағы Санжар Боқаев наурыз айынан бері қамауда отыр.

Бас прокуратура Боқаев "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамды теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деген күдікке ілінгенін хабарлаған. Тергеу долбары бойынша, Боқаев ағаш кесуді өзі ұйымдастырып, оны қаржыландырған, ал оны орындауға әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды тартқан.

Ал Боқаевқа қарсы іс "қолдан жасалған" деп санайтын жақтастары "істің астарында саясат жатуы мүмкін" деп мәлімдеген. Олар наурыздың аяғында Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Боқаевтың ісін ашық сот отырысында қарауды және тікелей эфирден көрсетуді талап еткен.

Санжар Боқаев кейінгі жылдары қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, әлеуметтік желіде Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелейтін видеолар жариялап көпке танылған. Ол бюджет қаржысы қандай мақсатқа, қалай жұмсалып жатқанына, қоғамда көптің наразылығын тудырған утильалым мәселесіне, Алматыдағы қоғамдық орындар мен көшелерін "жөндеу" жұмыстарындағы күмәнді жайттарға жұрт назарын аударған. Оның Алматыдағы қалпына келтіру жұмыстары мен құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар жайлы түсірген видеолары әлеуметтік желілерде жиі таралған.

Бұрын мемлекеттік қызметте істеген, кейін қоғамдық бастамалармен айналысуға көшкен Санжар Боқаев Қаңтар оқиғасынан соң "Намыс" партиясын құратынын жариялаған. Бірақ партия ресми тіркеуден өткен жоқ. Ол 2023 жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде Алматының №4 сайлау округі бойынша депутаттыққа өзін-өзі ұсынып, жеңілген. Ол сайлаудың ресми қорытындысына келіспей, дауыс санау бұрмаланғанын айтып, Жоғарғы сотқа дейін шағымданғанымен нәтиже шығара алмаған.

Сайлаудан кейін Боқаев "Халық парламенті" деген ұйымға бірігіп, күресуге әрекеттенген, кейін ол ұйымның адамдары да "заңсыз жиынға қатысқаны үшін" әкімшілік жауапқа тартылды.

Былтыр күзде шетелге кеткен Боқаев биыл ақпанда АҚШ-та бизнеспен айналысып жүргенін және қоғамдық белсенділікпен айналысуды қоятын ойы барын мәлімдеген еді. Содан кейін елге келген ол Алматыда ұсталып, қамауға алынды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG