16 желтоқсан - Қазақстандағы Тәуелсіздік күні бір топ адам Алматыдағы "Тәуелсіздік таңы" ескерткіші маңында наразылық жиынын өткізіп, белсенді әрі блогер Мирболат Мырзатайұлын босатуды талап етті. Олардың айтуынша, биыл қарашада Қылмыстық кодекстің "Араздық қоздыру" бабымен 4 жылға сотталған белсенді "түрмеде жазықсыз отыр". Оның суретін ұстаған жұрт “Мирболатқа бостандық!” деп айқайлады.
Сәлден соң оқиға орнына Алматы қалалық әкімдігі ішкі саясат басқармасының қызметкері келіп, “сіздер заңсыз митинг өткізіп жатсыздар, бұл жиынға рұқсат берілмеген” деп ескерту жасап, жиынды тоқтатуды талап етті.
Маңайда қауіпсіздік шаралары күшейтілген, Тәуелсіздік монументі мен Желтоқсан ескерткішінің арасына арнайы жасақ көлігі қойылған.
Кей белсендінің айтуынша, кемі екі адамның үйіне "органнан біреулер келіп", олар сыртқа шыға алмаған.
Наразылық шарасы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске алу құрметіне қойылған ескерткіш маңында өтті. Сол кезде Алматыдағы қазақ жастары Қазақ ССР Компартиясының бірінші хатшысы қызметіне сырттан басшы тағайындалуына қарсылық білдірген. Туыстарының айтуынша, сол кезде 15 жаста болған Мирболат Мырзатайұлы да Желтоқсан оқиғасына қатысқан.
2025 жылғы 13 қарашада Алматының Медеу аудандық №2 соты блогер Мирболат Мырзатайұлын Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі (“Алауыздық қоздыру” бабы) бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Сот блогерді қауіпсіздігі орташа түрмеде жазасын өтеуге жіберді.
Айыптау актісінде блогердің 2025 жылғы сәуірде Алматыдағы мекеменің кеңсесіне барып, "мекеме басшысымен жанжал барысында" "ұлт араздығын қасақана қоздыруға кіріскені" жазылған. Актіге сүйенсек, блогер мен мекеме басшысы арасында келіспеушілік тілге қатысты туындаған.
Блогер өзіне тағылған айыптарға келіспей, апелляциялық шағым беретінін айтқан. Құқық қорғаушылар мен белсенділер Мирболат Мырзатайұлын босатуға шақырған.