Accessibility links

Алматыда бұрынғы күйеуі өртеген әйелдің шағымын қараған сот шешім шығарды


Алмалы аудандық соты алдында тұрған адамдар. Азаттық архивіндегі фото.
Алмалы аудандық соты алдында тұрған адамдар. Азаттық архивіндегі фото.

Алматыдағы Алмалы аудандық соты көші-қон полициясының бұрынғы аға инспекторы Данияр Әденовті салғырттық айыбы бойынша кінәлі деп тапты. Іс бойынша, айыпталушының салғырттығы Алматы тұрғыны Индира Тергеубаеваның өміріне қастық жасалуына жол берген. Бұл туралы Тергеубаеваның адвокаты хабарлады. Сот сондай-ақ көші-қон полициясы қызметкерлеріне екі жеке қаулы шығарды.

Судья Қайрат Иманқұлов айыптау үкімін шығарғанымен, "ескіру мерзіміне" сілтеп Әденовті қылмыстық жауапкершіліктен босатты деп жазды "Настоящее время".

Әденов Ресей азаматы Әли Боприевті Қазақстаннан кетіруге міндетті болған. Боприев бұрынғы әйелі Индира Тергеубаеваның қыр соғынан қалмай мазасын алып, оған зорлық-зомбылық жасағаны үшін бірнеше мәрте айыпты деп танылған. Ақыры 2021 жылы Қазақстан жоғарғы соты оны елден депортациялау туралы қаулы шығарған. Бірақ сот қаулысы орындалмады. Бір жарым жылдан соң Боприев бұрынғы әйелі жұмыс істейтін дүкенге келіп, оған және өзіне бензин құйып өрт қойған. Боприев қаза тауып, қатты күйіп қалған Индира тірі қалған.

Индира Тергеубаева үш жылдан астам уақыт бойы осы оқиғаға жол берген құқық қорғау органы қызметкерлерін жауапқа тартуға талпынып жүр. Бастапқыда оның адвокаттары "әрекетсіздік" бойынша (Қылмыстық кодекстің 370-1-бабы) іс қозғауды талап еткен. Бірақ Боприевтің қазасы мен Индираның ауыр жарақатына қарамастан, сотқа дейінгі тергеу кезінде-ақ іс жазасы жеңілдеу 371-бапқа ("салғырттық") ауыстырылған.

Тараптардың пікірталасы кезінде прокурор соттан айыпталушыға қарсы істі "ескіру мерзіміне" байланысты тоқтатуды сұраған. Заң бойынша, егер қылмыстың салдары ауыр болмаса және содан бері екі жыл өтсе, істі жабуға болады. Әденов жасады деген құқықбұзушылықтан бері екі жылдан астам уақыт өтті деді прокурор.

Көші-қон полициясының бұрынғы аға инспекторы Данияр Әденов соттағы соңғы сөзінде өзін кінәлі деп санамайтынын айтып, соттан "әділ шешім шығаруды" сұрады.

Сот Данияр Әденовті салғырттық айыбы бойынша кінәлі деп тапты, бірақ "ескіру мерзіміне" байланысты оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

Сот шешіміне қанағаттанбаған Индира Тергеубаева жоғарғы тұрған сот органдарына шағым түсіретінін айтты.

XS
SM
MD
LG