Алматыда балалар жедел медициналық көмек орталығының дәрігерлері 31 магнит жұтып қойған сәбиге шұғыл ота жасады.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1 жас 9 айлық сәби ауруханаға жеткізілген кезде жағдайы ауыр болған. Дәрігерлер сәбидің асқазанын ауыртқан ондаған магнитті анықтаған.
Ота кезінде хирургтар магниттерді алып, сәбидің асқазанын жуып-шайған, құрсақ қуысын тазартып, инфекцияның таралуын тоқтатқан.
Балалар жедел медициналық көмек орталығының хирургы Асқар Ризвановтың түсіндіруінше, асқазанға бөлек-бөлек түскен магниттер ол жақта бір-бірін тарта бастайды. Бұл өте қауіпті.
"Олардың арасындағы ішектер түйіліп, қанайналым бұзылады, тіндер өледі, тесік пайда болады, санаулы сағаттың өзінде-ақ ауыр ауру пайда болады. Ата-аналар балалардың жағдайы жылдам нашарлауы мүмкін екенін көп жағдайда түсіне бермейді" деді дәрігер.
Дәрігерлердің айтуынша, тіпті бір магниттің өзіне бола дәрігерге жедел хабарласу қажет, ал бірнеше магнит баланың өміріне қатер төндіреді. Дәрігерлер ата-аналарды кішкентай балаларын қараусыз қалдырмауға шақырып, ұсақ магниті бар кез келген зат, ойыншықтарды тығып тастауға үндеді.