Accessibility links

Алматыда Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержановқа үкім оқылды

Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержанов (оң жақта) және оның адвокаты Виталий Воронов. Алматы, 22 мамыр 2026 жыл.
Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержанов (оң жақта) және оның адвокаты Виталий Воронов. Алматы, 22 мамыр 2026 жыл.

22 мамырда кешке қарай Алматының Алмалы аудандық сотында Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержановқа үкім оқылды. Судья Руслан Мұратбеков Оразалы Ержановтың бостандығын 4 жылға шектеді. Бұған қоса, 5 жыл қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салды.

Осылайша прокурор Жәнібек Мамытов сұраған жазаны толық берді.

Қоғам белсендісі Оразалы Ержанов тағылған айыппен келіспейді. Ол "соңғы сөзінде" жаңа Конституция жобасына қарсы үгіт-насихат жүргізу қылмыс емес екенін айтып, өзін ақтауды сұраған еді.

"Мен тек пікір білдіру құқығымды пайдаланып, ойымды айттым. Референдуммен келіспейтінімді ашық айттым, бойкотқа шақырдым. Бейбіт саяси позициямды білдірдім. Менімен келісуге де, келіспеуге де болады. Мені сынауға да болады. Бірақ пікірді қылмысқа айналдыру бұл қауіпті" деді Ержанов.

Айыптау жағының айтынша, Ержанов Facebook-та жариялаған үш жазбасы үшін жауапқа тартылып отыр. Жазбалардың бірінде белсенді жұртты дауыс беруге бойкот жариялауға шақырып, Орталық сайлау комиссиясына референдумға қатысудан бас тартатыны жөнінде ресми өтініш жолдауға үндеген. Кейін өтініштің тіркелгені туралы SMS-хабарламаны өзі жазған WhatsApp нөмірлеріне жіберуді сұраған.

Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержановтың соты кезінде прокурор Жәнібек Мамытов сөйлеп тұр. Алматы, 22 мамыр 2026 жыл.
Elge Qaitaru қорының жетекшісі Оразалы Ержановтың соты кезінде прокурор Жәнібек Мамытов сөйлеп тұр. Алматы, 22 мамыр 2026 жыл.

Ержанов мұны «ақылды бойкот» деп атаған. Прокурордың айтуынша, дәл осы жазба қоғамға қауіп төндіруі мүмкін.

Сот-психологиялық және филологиялық сараптама қорытындысында Ержановтың жазбалары азаматтардың саяси процестерге қатысудан бас тарту көзқарасын қалыптастырып, мемлекеттік институттарға сенімсіздігін күшейтеді, қоғамдағы наразылық көңіл-күйді арттыруы ықтимал деп көрсетілген.

Айыптаушы тараптың сөзінше, Ержанов жазбаларының бірінде жаңа Конституция жобасындағы «заң мен тәртіп» қағидатын нацистік Германиядағы «билікті заңдастыру» тәсілімен салыстырған. Ал тағы бір жазбасында Түркістанда Конституция жобасын талқылайтын «нағыз құрылтай» өткізуге шақырған.

Прокурордың сөзінше, айыпталушы бұл әрекеттерді әлеуметтік желідегі "аты-жөні анықталмаған адамдармен алдын ала келісіп" жасаған.

Ал Оразалы Ержанов тағылған айыптарды жоққа шығарады. Ол бойкотқа шақыруды қылмыс санамайтынын және ешкіммен алдын ала сөз байласпағанын айтты.

Заңсыз алынған активтерді қайтару мәселелерімен айналысатын Elge Qaitaru қоғамдық қорының жетекшісі Оразалы Ержанов биыл ақпанның соңында ұсталып, қамалған. Дәл сол шақта елде жаңа Конституция жобасы талқыланып жатқан.

Жақтастарының айтуынша, Ержановтың Facebook-тегі аккаунтынан оның Конституцияны сынаған және референдумге бойкот жариялау идеясы жазылған барлық жазбасы жоғалып кеткен.

Қазақстанда биыл наурызда өткен республикалық референдумның ресми қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданған. Билік оны "басқарудың суперпрезиденттік моделінен ықпалды парламенті бар президенттік жүйеге көшуді жалғастыру" деп түсіндірген.

Алайда іс жүзінде бұл Конституция президент билігінің одан сайын күшеюіне алып келеді дейді кей сарапшылар.

Биліктің Конституцияны жаңарту амал-тәсілін сынағандар оның асығыс жасалғанын, көпшілікпен талқы жеткіліксіз болғанын айтқан және Негізгі заңның жаңа нұсқасында билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен теңгерім механизмі бұрынғыдан да нашарлап, президенттің қолына көп билік шоғырланғанына назар аударады.

Айдар
XS
SM
MD
LG