Accessibility links

Алматыда Гүлнәр Бажкенованың соты қалай өтіп жатыр?

Гүлнәр Бажкенова сот ғимараты алдында журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. 2 шілде 2026 жыл.
Гүлнәр Бажкенова сот ғимараты алдында журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. 2 шілде 2026 жыл.

Алматының Бостандық аудандық сотында Orda.kz интернет-басылымының бұрынғы редакторы Гүлнәр Бажкенованың ісі бойынша сот жалғасты. Оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылып отыр. Бажкенова айыптарды мойындамайды.

Қылмыстық қудалауға дейін

Гүлнәр Бажкенова — қазақстандық журналист, медиаменеджер. Әр жылдары бірнеше ірі медиажобаларға жетекшілік еткен. Қылмыстық қудалау басталмай тұрып ол Orda.kz интернет-басылымының бас редакторы болды.

Оған қарсы қылмыстық іс 2025 жылы 1 желтоқсан күнгі тінтуден кейін қозғалды. Оның пәтерлері мен Orda.kz басылымының Алматы мен Астанадағы кеңселеріне тінту жүргізілді. Сол кездері Orda.kz басылымының бірнеше қызметкерін полиция редакция кеңсесінен бөлімшеге апарған.

Полиция көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Сол күні кешке Бажкенова үйқамаққа жіберілді.

Orda.kz редакциясы есігінің сыртында тұрған қарулы полиция. Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл.
Orda.kz редакциясы есігінің сыртында тұрған қарулы полиция. Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл.

Полиция сонымен бірге журналистің әрекеті «басылымда аталған қызметкердің кәсіби қызметі туралы жалған пікір қалыптастырды және оның іскерлік беделіне нұқсан келтірді» деп мәлімдеді.

Orda.kz оқырмандары мен бақылаушылардың топшылауынша, қудалау былтыр күзде шығып, дауға айналған материалдармен байланысты болуы мүмкін. Онда Бажкенова сол кездегі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді "заңға қайшы әрекет" жасады деп айыптап, оны "Астанада ұсталған" деп айтқан еді. Кейін Нұртілеу ел алдына шыққан соң Бажкенова өз сөзіне "дәлел барын", бірақ "жеңілгенін" айтып жазба қалдырған. Көп ұзамай Мұрат Нұртілеу сыртқы істер министрі қызметінен кетті.

Қыркүйектің басында Orda басылымы сол кездегі сыртқы істер министрі қызметін атқарған Мұрат Нұртілеу мен ҰҚК-ның бірнеше қызметкері және кәсіпкер Гаджи Гаджиев тергеліп жатқанын хабарлаған.

Басылымның жазуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін қысқа уақыт атқарған Нұртілеу арнайы қызметтің ішінде Гаджиевтің көмегімен “көлеңкелі құрылым” құрған. Басылымның жазуынша, ол “өзіне жақпайтындарды” “аңдумен және қудалаумен” айналысқан. Басылым сонымен бірге Гаджиев Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өтетін контрабанданы да бақылайды деп тұжырымдады.

Бірнеше күннен кейін Мұрат Нұртілеу Orda басылымында шыққан мақаланы “жалған ақпарат” деп атады.

Үстінен қылмыстық іс қозғалғанға дейін, 2025 жылы шілдеде Бажкенова иелігіндегі медианы билікпен байланысы бар адамдар "рейдерлік жолмен" тартып алайын деп жатқанын, өзін "қызметтен шеттететінін" айтып дабыл қаққан еді. Бұған дейін де түрлі қысым жасалып келді деген журналист сайтты алып қалу үшін Қазақстанның да, АҚШ-тың да сотына арызданып жатқанын айтқан.

Бажкенова Orda-ның құрылтайшыларының бірі Мақсат Ғаниевпен арада болған жанжал туралы да айтқан. Оның сөзінше, Ғаниевті Kaspi финтех компаниясының басшылығы құрылтайшылардың бірі ретінде кіріктірген, ол 2020 жылы редакция ұжымы жаңадан ашылған кезеңде қаржыландырған.

Ғаниевтің өзі болса, мұны жоққа шығарған. Ол өзінің Kaspi-ге қатысы жоғын, медиаға өзі тапқан қаражатты салғанын, бизнесін әртараптандырғысы келгенін айтқан.

Ал Kaspi Бажкенованың айтқандарына түсініктеме бермеді. Азаттық Азияның да ресми сауалын жауапсыз қалдырды.

Бажкеноваға қарсы істе Ғаниев “бөтеннің мүлкін иемдену” (189-бап). эпизоды бойынша жәбірленуші ретінде танылған.

Бұған дейін шағым беруші Мақсат Ғаниев Гүлнәр Бажкенованы түрмеге отырғызуды көздемейтінін айтқан. Ол ақшасын қайтарып алғысы келетінін жеткізген.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Orda.kz 30 пайызы – Гүлнар Бажкеноваға, 70 пайызы Мақсат Ғаниевке тиесілі.

Соттың алғашқы күні

2 шілде күні Гүлнәр Бажкенова сот процесіне кірер алдында ғимараттың кіреберісінде өзін күтіп тұрған БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

– Аман-есенмін, уақытты текке өткізбедім, күтіндім, ешкімнен жылап-еңіреп, жалынып-жалбарынып көмек сұраған жоқпын, – деді ол жағдайын сұраған журналистерге.

Гүлнар Бажкенованың соты. 2 шілде 2026 жыл.
Гүлнар Бажкенованың соты. 2 шілде 2026 жыл.

Бейсенбі күні Бажкенова БАҚ өкілдеріне осы айыптар жөнінде қысқаша пікір білдіріп, қылмыстық істі ойдан құрастырылған деп атады.

– Жеті ай ішінде 18 томдық қылмыстық іс бойынша [тергеушілер] менен неше рет жауап алғанын білесіздер ме? Екі-ақ рет, 15 минуттен! – деді ол.

Журналист өзіне "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен сегіз эпизод бойынша айып тағылып отырғанын айтты.

– Олардың бесеуі бойынша видеолар бар, мен тергеушіге соларды көрсетіп: "міне, видеоайғақтар бар ғой, қалайша жалған ақпарат дейсіздер" дедім. Ал үш эпизод бойынша видеолар жоқ, – деді ол.

Гүлнар Бажкенованың журналистердің сұрақтарына жауап беріп түұр. 2 шілде 2026 жыл.
Гүлнар Бажкенованың журналистердің сұрақтарына жауап беріп түұр. 2 шілде 2026 жыл.

Журналисті кім және не үшін айыптап отыр?

Гүлнәр Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған: "Заңсыз кәсіпкерлік" (214-бап), "Көрінеу жалған ақпарат тарату" (274-бап) және "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" (189-бап, 4-бөлім).

Бұл іс бойынша төмендегі жеке тұлғалар мен ұйымдар жәбірленуші танылған:

  • Мақсат Ғаниев — Orda Media ЖШС қызметіне қатысты эпизод;
  • Avangard Ltd ЖШС — Қарағандыдағы кинотеатрдың тағдырына қатысты мақала бойынша;
  • Әмірханов — «Ущерб в 27 млн за затопленный офис» мақаласы бойынша;
  • балық инспекциясының қызметкері —басылым мақалаларының бірі;
  • «Эскад» ЖШС — мұнай өнімдерінің сақталуы туралы мақала;
  • "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы — Атыраудағы жеке ұшақтар туралы мақала;
  • «Қазақстан темір жолы» — Достық – Мойынты темір жолына қатысты мақала;
  • Алматы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев — өзінің қызметіне қатысты мақала.


Сот тыңдауының алдында Бажкенованың адвокаты Ольга Ким қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш білдіріп, өзі қорғап отырған азаматтың әрекетінде қылмыс құрамы жоқ екенін алға тартты, сонымен бірге үйқамақты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен алмастыруды өтінді.

«Мен қорғап отырған азамат айыптау актісімен келіспейді. Ол тергеушілердің болжамдарына негізделген», - деді адвокат.

Ол сонымен бірге соттан үйқамақты алып тастауды сұрады. Адвокаттың сөзінше, Бажкенова жеті ай бойы үйқамақ шарттарын бұзбаған.

Адвокаттың сөзінше, бұған қоса сотқа дейінгі тергеу кезінде бірде-бір куәгер айыптарды растайтын жауап бермеген.

Бажкенова өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын жеткізді.

"Менің мүлде кінәм жоқ. Бірде-бір эпизод бойынша кінәм жоқ. [Істе аты аталған] компаниялар «Біздің Бажкеноваға қарсы шағымымыз жоқ, тек материалды алып тастаңыздар» деп жауап берді. Бірақ тергеушілер "жоқ, біз оны жазалауымыз керек" дейді. 274-бап бойынша айыптауларға қатысты менде видеоайғақ бар" деді Бажкенова тыңдау кезінде.

Жәбірленушілер соттан аталған өтінішті орындамауды сұрады. Прокурор Қуаныш Қанапиянов та қарсы болып, сотталушының кінәсін растайтын "дәлелдер бар" деді.

Судья Елена Хван істі тоқтату туралы және бұлтартпас жазасын өзгерту туралы өтініштерді орындамады.

Гүлнар Бажкенованың соты. Алматы, 2 шілде 2026 жыл.
Гүлнар Бажкенованың соты. Алматы, 2 шілде 2026 жыл.

Тергеу баспанаға қатысты келісімдерді заңсыз кәсіпкерлік деп санайды

Прокурор 1.5 сағаттан астам уақыт бойы айыптау актісін оқыды.

Тергеу болжамынша, Бажкенова "кәсіпкер ретінде тіркелмей, пайда табу үшін өзінің баспаналарын тұрақты түрде сатып отырған".

Айыптау тарабының айтуынша, мәселе бірнеше пәтер жөнінде болып отыр. Тергеудің айтуынша, соның нәтижесінде Бажкенова ірі кіріс тапқан.

Айыптау актісінде 2005 жылдан бері сатып алынған – сатылған Алматыдағы пәтерлердің саны көрсетілген.

Адвокат Ольга Кимнің айтуынша, Бажкенова пәтер иесі ретінде оларды тиісінше қолданған.

"Жасалған келісімдер бойынша салықтар толығымен төленді" деді адвокат.

Бажкенованың өзі пәтерлерді өзі тұру үшін алғанын және мұны кәсіпкерлік санамайтынын жеткізді.

"Мен өзім тұрған барлық пәтер заңсыз бизнес ретінде қарастырылып отыр. Арасында 2005 жылы сатып алған алғашқы пәтерім де бар. Алғашқы пәтерімді сатып алған кезде қатты қуандым. Мен онда 2018 жылға дейін тұрдым. Енді оны кәсіпкерлік деп жатыр. 2018 жылы тағы бір пәтер сатып алып, онда бес жыл тұрдым.

Пәтерлерді ақшамды инфляциядан қорғау үшін сатқанмын. Қор нарығында тәжірибесі жоқ адам ретінде жылжымайтын мүлікті ақша үнемдеудің сенімді тәсілі ретінде санадым. Барлық транзакцияларым заңды. Әрдайым салық төледім. Және ешқандай пайда таппадым. Біріншіден, мен оны сатпас бұрын жөндеу жұмыстарына көп ақша жұмсадым. Екіншіден, пәтерге иелік еткен жылдары ай сайын коммуналдық төлемді төлеп тұрдым - ол тұрғын үй кешендерінде жоғары. Ешқандай пайда болған жоқ" деді Бажкенова сотта.

Гүлнар Бажкенованың соты. 2 шілде 2026 жыл.
Гүлнар Бажкенованың соты. 2 шілде 2026 жыл.

Orda.kz қызметіне қатысты айыптаулар

Тергеушілердің айтуынша, Бажкенова «Orda Media» ЖШС директоры және негізін қалаушы ретінде қаржылық есеп бермеген және ізінше компания қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.

Прокурор 2024–2025 жылдары Бажкенова жеке кәсіпкер Ислам Әбдіғапаровпен жалған келісімшартқа отырғанын, сол арқылы компания қаражатын қолма-қол ақшаға айырбастағанын мәлімдеді. Айыптау тарапының мәліметі бойынша, жалпы сомасы 84 миллион теңге қаражат аударылған.

Тергеушілер сонымен қатар компания қаражатының бір бөлігі журналистің кәмелетке толмаған ұлының біліміне жұмсалған деп санайды.

Қорғау жағы мұны жоққа шығарды.

Журналистің өзі Әбдіғапаровтың есепшотына аударылған қаражат редакцияның қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін қолданылғанын айтты.

"Маған қолма-қол ақша керек болды, себебі әрбір қызметкерге салынатын салық заңды түрде төленсе, 40 пайызды құрайды. Шынымды айтсам, мен (жалақының) 50 пайызын қолма-қол ақшамен төлеуге тырыстым. 2025 жылы жеке кәсіпкерге 10-15 миллионнан аударып отырдым, содан кейін қызметкерлердің жалақысы осы ақшадан төленді. Мен менеджер ретінде жауапкершіліктен жалтарып отырған жоқпын. 1 желтоқсанда тінту кезінде олар редакциядан 40 миллион теңге қолма-қол ақша тапқанын айтты. Бұл айдың басында қызметкерлердің жалақысын төлеуге арналған ақша еді. Ал шотта болған және қолма-қол ақшаға айырбасталған ақша жарнамадан түскен кіріс еді. Және олар мені сол ақшаны жымқырған адам ретінде көрсетіп жатыр. Барлық қызметкер сол ақшаны алғаны туралы түбіртекке қол қойды. Ал тергеу кезінде жауап берген қызметкерлер мұны растады" деді Бажкенова.

Бажкенова сонымен қатар өзінің шоттары бұғатталғаннан кейін ұлының оқу ақысын төлеу үшін компания шотынан ақшаны уақытша алғанын, бірақ кейінірек барлық соманы қайтарып бергенін айтты.

Көрінеу жалған ақпарат тарату туралы айып

Бірнеше жеке тұлға мен компания журналисті "жалған ақпарат таратты" деп айыптап отыр. Солардың бірі - Алматы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев. Тергеушілердің айтуынша, Бажкенова шенеуніктің "пара алған кезде ұсталғаны" туралы ақпарат жариялаған. Бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.

"20 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби журналист Бажкенова көрінеу жалған ақпарат таратты' деп мәлімдеді прокурор. Оның сөзінше, мақала жарияланғаннан кейін Ауғанбаевтың "жаны күйзелген".

Журналист айыпты жоққа шығарды

Оның сөзінше, 2024 жылы мамыр мен тамыз айларында Ауғанбаев жұмысқа бармаған, алайда тергеу орындары оның жұмыс орнында жоқтығын тексермеген және мақалаға қатысы бар болуы мүмкін сұрақтарды да қоймаған.

Тағы бір эпизод бойынша "ҚазМұнайгаз" жәбірленуші танылған. Ол Атыраудағы жеке ұшақтар туралы мақалаға қатысты.

Бажкеноваға жәбірленушілерге, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшылығына қатысты теріс пікір қалыптастырды деп айыпталып отыр.

"Біздің қолымызда суреттер мен видео бар" деді Бажкенова.

"Қазақстан темір жолы" Достық – Мойынты темір жолы туралы мақалаға қатысты шағым түсірген.

Бажкенованың айтуынша, нысан салтанатты түрде ашылғаннан кейін басылымның тілшісі оқиға орнына барып, видео түсірген. Оның сөзінше, тілші темір жол инфрақұрылымының әлі толық дайын еместігін көрген.

Бұған қоса, 274-бап Қарағандыдағы кинотеатр ғимараты туралы және өзге де мақалаларға қатысты.

Бажкенова барлық эпизод бойынша көрінеу жалған ақпарат таратпағанын айтты.

"Тек ренжігендер жиналып жатыр ма деймін. Мүмкін, біреудің шағымы болған шығар және олардың, әрине, шағымдануға құқығы бар. Бірақ мен өзімді қорғаймын!" деді журналист.

Соттың екінші күні не болды?

Сот әрбір эпизодты жеке-жеке қарастыруды қаулы етті, сәйкесінше куәгерлер мен жәбірленушілер, сотталушылардан жауап алуды белгіледі.

Әуелі заңсыз кәсіпкерлік бабы бойынша эпизодтар қаралады. Одан кейін сот "бөтеннің мүлкін талан-таражға салу" бабын, одан кейін "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айыптаулар қаралады.

3 шілдеде сот сотталушыны 274-бап бойынша тергеуден басталды. Түскі үзілістен кейін тінту кезінде түсірілген видеолар көрсетіле бастады. Тінту кезінде Бажкенова өлең айтып тұрған. Мемлекеттік айыптаушы сотталушының тінту кезіндегі әрекетіне назар аударуды сұрады.

"Ол тергеушілердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр. Қандай да бір ән айтып жатыр" деді прокурор.

"Мені ұстаған кезде қорықтым. Ол мені демеп тұратын мантра болды. Біздің елде мантра айтуға тыйым салынбаған" деді Бажкенова.

Гүлнар Бажкенованың соты. 3 шілде 2026 жыл.
Гүлнар Бажкенованың соты. 3 шілде 2026 жыл.

Гүлнар Бажкенованың соты қазір Қазақстанда журналистерге қарсы жүріп жатқан жалғыз сот емес. 274-бап бойынша қазір өзге басылым тілшілері мен журналистер тергеліп жатыр. Журналистер мен құқық қорғау ұйымдары бұған дейін аталған норманы декриминализациялауға шақырған.

Қазіргі кезде журналистер Әмір Қасенов пен Александра Алехова қылмыстық бап бойынша қудалаланып жатыр. 22 наурызда журналист Ботагөз Омарова "ВД Строй-Инжиниринг" құрылыс компаниясы туралы мақалалардан кейін үйқамаққа алынды. Омароваға қарсы 274-бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. 22 мамырда Ботагөзге қарсы іс оның Telegram арнасында «терістеу» туралы жазба жарияланғаннан кейін тоқтатылғаны туралы белгілі болды.

"Құқықтық медиа" қорының заңгері Гүлмира Біржанова аталған бапты журналистерге қарсы қолдану "елеулі тенденцияға" айналғанын айтты.

"Олардың саны артты және көріп отырғанымыздай, бап журналистерге қарсы жиі қолданылып жатыр. Қазіргі кезде Гүлнарға тағылған басқа айыптар туралы айту қиын — егжей-тегжейін білмейміз. Бірақ "көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша айыптауларға келсек, әрдайым басылымдарға келетін зиян мен салдарын және әрине, журналистің мәртебесін ескеру қажет. Жалпы, мұндай істер, журналистеріміз үшін сынаққа айналды, себебі өзіндік цензура эффектісін тудыруы мүмкін" дейді Біржанова.

Ол сот процесі ашық әрі тек заң шеңберінде өтеді және «кез келген қорытынды фактілерге негізделеді және бұл журналистке қарсы кезекті саяси сот процесі болмайтын шығар деп үміттенеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG