Accessibility links

Алматыда "шектеуге қарсылық білдіруге шақырған" ер адам қамалды

Видеоүндеу жасап тұрған Асылжан Баймұқанов. Скриншот. 30 қазан 2026 жыл.
Видеоүндеу жасап тұрған Асылжан Баймұқанов. Скриншот. 30 қазан 2026 жыл.

Алматыда жүк көліктеріне енгізілген шектеулерге қарсылық білдіруге шақырған ер адам 15 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде Алматы қалалық полиция департаменті 1 қарашада хабарлады.

"Ауыр жүк көліктерін жаппай тоқтату туралы үндеу 15 тәуліктік әкімшілік қамаумен аяқталды. Алматыда полиция жүргізушілерді салмақ шектеулеріне қарсы наразылық білдіруге шақырған видеоның авторын анықтады" деп жазылған полиция хабарламасында.

Полицияның айтуынша, үндеу авторы – 41 жастағы Асылжан Баймұханов. Ер адам 1 қарашада жүк көліктерін жаппай тоқтатуға шақырған.

30 қазанда желіде тараған видеода Асылжан Баймұханов бір оське түсетін салмақ 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне қойылған шектеуге қарсылық білдіріп, құрылыс жұмыстарына ауыр жүк көліктері қажет болғандықтан, мұндай шектеу олардың жұмысына кедергі келтіретінін айтқан. Ол видеода Алматыда үнемі құрылыс жүріп жатқанын, жолдар асфальтталып, монолитті үйлер салынып жатқанын айтқан. Оның пікірінше, құрылыс материалдарын тасу үшін ауыр жүк көліктері қажет.

2026 жылғы 25 шілдеден бастап Алматының орталық бөлігінде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды. Шектеу күн сайын таңғы 07:00-ден кешкі 22:00-ге дейін қолданылады. Ол Саин көшесі, Әл-Фараби даңғылы, Шығыс айналма автомобиль жолы және Рысқұлов даңғылының арасындағы аумаққа қатысты.

Алматы әкімдігі мен полициясының түсіндіруінше, оның мақсаты – қаладағы негізгі көшелердегі көлік жүктемесін азайту, жолдардың өткізу қабілетін арттыру, көлік қозғалысының қауіпсіздігін жақсарту, асфальтты сақтау.

2026 жылғы қыркүйектегі ресми мәлімет бойынша, шектеуді бұзған 3,7 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG