11 маусым, бейсенбі күні таңертең Алматының Алмалы аудандық сотында басталады деп бұған дейін жарияланған ҚазТАГ ақпарат агенттігі басшыларының ісі бойынша сот отырысы, екі адам келмей қалуына байланысты, 15 маусымға қалды.
Бұл істе ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасеновке "жалған ақпарат тарату" (274-бап) айыбы бойынша, ал агенттік директоры Әсет Матаевтың ісінде оған тағылған айыпқа 254-бап қосылған.
Бейсенбі күні таңертең Алмалы сотына келген Әсет Матаев журналистермен әңгімеде 274-бап ақпарат құралдары өкілдеріне күш көрсететін "ұртоқпаққа" айналды деп мәлімдеді.
"Сот Әмір екеуімізді ақтайды деп үміттенімін" деген Матаев тергеу орындары "Бұзақылық" ісі бойынша өзін әлі күнге дейін жәбірленуші ретінде танымағанын айтты.
"Мен Қазақстан тарихында бір мезетте 4 бап бойынша сотқа қатысып отырған алғашқы адаммын", деді ол.
Үйқамақта отырған Әмір Қасенов маусымның басында президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеомәлімдеме жасап, өз ісі бойынша ашық сот өтуін талап етіп, процесс жабық болған жағдайда аштық жариялайтынын айтқан еді.
2025 жылы желтоқсан айының басында ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген. Биыл адвокат Рена Керимова Матаевқа қарсы "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы (274-бап) бойынша қылмыстық іс тоқтатылған деп хабарлаған еді. 10 маусымда адвокат Азаттық тілшісіне Матаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылмағанын айтты.
Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.