Accessibility links

Алматыда құқық қорғаушылар Қаңтар көтерілісі туралы кітаптың екінші бөлімін таныстырды

Құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина және Шәлипа Бекқұлова. Қаңтар туралы кітаптың таныстырылымында. Алматы, 2 қыркүйек 2026 жыл.
Құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина және Шәлипа Бекқұлова. Қаңтар туралы кітаптың таныстырылымында. Алматы, 2 қыркүйек 2026 жыл.

2 қыркүйекте Алматыда құқық қорғаушылар Қаңтар көтерілісі туралы кітаптың екінші бөлімін таныстырды.

Кітапты құрастырушылардың бірі “Ар.Рух.Хақ” қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Азаттыққа екінші кітапқа Қаңтар бойынша сот үкімдері енгенін бұған дейін айтқан.

“Екінші кітап бұл – хронология. Оқиғаның хронологиясы. Яғни, әрбір қалада наразылық қаншада басталды, қалай өрбіді, қай көшелерде жүрді, 4-5 қаңтарда не болды? Осының бәрін біз сот үкімдерінен алдық. Барлық сотталушыға шыққан үкімдер күшіне енген кезде олар оқиғалардың қалай болғанын іс жүзінде заңдастырды. Егжей-тегжейлі жазды. Шартты түрде айтсақ, кешкі сағат 7-де “Алматы арена” маңына жұрт жиналды, одан кейін Абай көшесімен жүрді. Алаңға жетті, атыс басталды деген сияқты” деген еді бұған дейін кітапты құрастырушылардың бірі Бақытжан Төреғожина Азаттыққа.

Оның сөзінше, бұл – Қаңтар туралы мемлекеттің ресми көзқарасы.

“Бұл төңкерістің қалай өрбігені жайлы мемлекеттің көзқарасын көрсетеді. Біз оқиғалардың хронологиясын қадағаладық және іс жүзінде үкімдерде сипатталған оқиғаларға қатысты ешқандай айырмашылық жоқ. Тіпті оқиғалардың қаншалықты дәл сипатталғанына таң қалдық... Бәлкім, кінәлілерге қатысты [айырмашылық] болуы мүмкін, қаза болғандардың барлығын кінәлі деп таныған кезде. Бірақ біздің мақсатымыз оқ атқандарды немесе өлімге кім кінәлі екенін анықтау емес еді” деді құқық қорғаушы.

2 қыркүйек күнгі баспасөз жиынында ол Қаңтар көтерілісі бойынша кейбір үкімдердің сот кабинетінен жоғалып жатқанын да байқағанын жеткізді. Сол себепті алдағы уақытта мұның бәрі аңызға айналмас үшін үкімдерді құжатқа түсіру қажеттігін түсіндік дейді ол.

Оның сөзінше, мәселе үкімді тұтастай кітапқа сөзбе-сөз енгізу жөнінде болып отырған жоқ. Құқық қорғаушылар үкімдегі оқиғаның өрбуіне қатысты жерлерін алып, жариялаған.

"Оны оқыған зерттеушілер қалаларда шын мәнінде не болғанын білетін болады" деді құқық қорғаушы.

Оның сөзінше, кітапты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті үш рет тексерген. Кітаптың электронды нұсқасы алдағы уақытта интернетке жүктелмек.

Құқық қорғаушылар Қаңтар бойынша әділдік орнамағанын, әсіресе Қаңтар қырғыны кезінде кездейсоқ оқиға орындарына тап болып, қаза болған балалар мен қарттарға қатысты әділдік орнамағанын алға тартып, Қаңтар бойынша зерттеу жұмысы жалғаса беретінін жеткізді.

  • Президент Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматыда мерт болды.
  • Қаңтар оқиғасы кезінде президент Тоқаев көмек сұрап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына жүгінді. Штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан бұл ұйым Қазақстанға әскер кіргізді, ол әскер елде екі аптаға жуық уақыт болғаннан кейін шығарылды.
  • Бақылаушылар ҰҚШҰ күштерінің енгізілуі жоғары билік элитасы арасында өрбіген тартыстың түйінін алдын ала айқындап берді деп есептейді. Президент Тоқаев Қаңтар қасіретін "саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға" бағыт алған реформаларға қарсы болған "кейбір ықпалды адамдардың" астыртын жасалған әрекеті деп бағалаған.
  • Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталмады, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды. Құқық қорғаушылар Қаңтар шындығы ашылмады деп санайды. Қазақстан билігі көтерілісті халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеу туралы ұсынысты қабылдамаған.
Айдар
XS
SM
MD
LG