Accessibility links

Алматыда Санжар Боқаевтың ісі бойынша куәгерді сот алдынан ұстап әкетті

Санжар Боқаев ұсталғанға дейін.
Санжар Боқаев ұсталғанға дейін.

16 қазанда Алматыда Алмалы аудандық соты ғимаратының алдында белсенді Санжар Боқаевтың ісі бойынша куәгерді полиция ұстап әкетті.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда алты полиция қызметкері мен бірнеше азаматтық киім киген адамның ер адамды ұстап жатқаны көрінеді. Ер адам қолына кісен салынған кезде ашуланып «Не үшін?» деп сұрайды. Ал полиция қызметкерлері оны қызметтік көліктеріне қарай сүйреп апарып, ішке қарай итеріп жібереді. Полиция күштеп апара жатқан кезде ол «бұл жүйе» деп айқайлайды. «Қолыңды тарт! Мен сендерге бәріңе көрсетемін» дейді.

Боқаевтың адвокаттары ұсталған адамның іс бойынша негізгі куәгерлердің бірі Ахлиддин Хамракулов екенін айтты.

«Куәгер сотқа келді, бірақ арандатушылық болды, оны ұстап әкетті. Ұсталған сәттің видеосын іске тіркеуді сұраймыз» деді сотқа өтініш түсірген адвокат Радмир Өтепов процесс кезінде.

«Көшеде тағы бір куәгер тергеу органдарының өзіне қысым жасағанын айтып үлгерді. Ол шындықты айту үшін келгенін жеткізді. Осы жайт бойынша прокурорлардың тексеру жүргізуін сұраймыз» деді Боқаевтың тағы бір адвокаты Алма Мусина.

Судья Жанат Әбенованың айтуынша, сот приставының мәліметінше, куәгер «сот залына кіруге әрекеттенген». Ал «куәгерлер негізгі сот талқылауы кезінде залда болмауы керек».

Алайда адвокаттар бұл мәліметті жоққа шығарып, куәгердің «ғимарат ішінде емес, сыртта ұсталғанын» алға тартты.

Азаттық Азия Алматы қалалық полиция департаментінен Хамракуловтың ұсталуына қатысты түсініктеме алуға тырысты. Алайда материал жарияланған сәтке дейін департаменттің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек сұрақтарға жауап бермеді.

Биыл наурызда Боқаев ұстала салысымен желіде бір адам түскен, бірақ мазмұны бір-біріне қайшы екі видео тарады.

Біріншісінде "полиция мені Боқаев пен оның көмекшісі Ұланға қарсы жалған куәлік беруге мәжбүрледі, азаптады" деп жыларман күйде сөйлеген ер адам бейнеленген. Оның адвокаты Диас Ахметов бұл видеоны Алматы қалалық полиция департаментінің кіре берісінде екі ай бұрын түсіргенін айтты. Бұл адвокат Санжар Боқаевты да қорғаған.

Осы видеоның ізін ала тағы да осы адам түскен басқа видеоны анонимді телеграм арналар таратты. Онда әлгі адам өзін Түркістан облысы тұрғыны Ахлиддин Хамракуловпын деп атап, бұған дейінгі видеода айтқан сөзінен айнып, солай сөйлеуге мәжбүрледі деп өз адвокатын айыптаған. Бұл видеоны Хамракулов өз еркімен түсірді ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз қалып отыр.

Жұма күні азаматтық белсенді Санжар Боқаев, оның видеографы Ұлан Нүсіпқожа және туысы Мадияр Қалменовке қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.

Санжар Боқаевтың қорғаушылары сотқа дейінгі тергеу кезінде заң бұзушылықтар болғанын мәлімдеп, оларды «жою» үшін істі прокурорға қайтаруды сұрады.

44 жастағы Боқаевқа алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылып отыр.

Санжар Боқаев тағылған айыптарды мойындамайды. Оның жақтастары іс қолдан ұйымдастырылған деп санайды.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG