4 қыркүйекте таңғы сағат бес шамасында белсенді Марат Тұрымбетовтің үйіне арнайы жасақ келіп, тінткен. Бұл жөнінде белсендінің жақындарына сүйенген Санавар Закирова жазды.
“Тінту күндізгі шамамен үште аяқталды, одан кейін Марат Тұрымбетовті алып кетті... Марат Тұрымбетовтің үйінде тінту Әлнұр Ілияшевтікінен ертерек басталды. Оны алып бара жатқан кезде [Марат Тұрымбетов] өзіне бірдеңе сүңгітіп жібергенін айқайлап үлгерді” деп жазды Закирова.
Адвокат Айнара Айдарханова жұма түстен кейін Марат Тұрымбетов пен Әлнұр Ілияшевке заңгерлік көмек көрсету үшін бас прокуратураның Алматыдағы өкілдігіне барғанын, бірақ ішке кіре алмай отырғанын хабарлады.
Полиция әзірге түсініктеме бермеді.
Прокуратура өкілдері “Ұлысмедиаға” жіберген жауабында Әлнұр Ілияшев пен Марат Тұрымбетовтің үстінен шетел азаматы арыз жазғанын хабарлаған. Полиция қылмыстық іс қозғаған, тергеу жүріп жатыр.
Заңгер Дәулет Әбілқасымов жұма күні Ілияшевті полиция алып бара жатқанда 190-бап ("Алаяқтық") деп айқайлап үлгергенін хабарлаған еді.
Белсенділердің ісіне қатысты басқа ештеңе айтылмайды.
Марат Тұрымбетов қоғамдағы маңызды мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенділердің бірі. Жуырда құрылтай сайлауы кезінде Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірін бақылап, онда тіркелген 1225 адамның небәрі 158-і яғни 11% ғана бюллетень алғанын жазған. Дауыс беру хаттамасын да жариялаған еді. Бұл оқиғаның оның ұсталуына қатысы бар-жоғы белгісіз.
Қазақстанда Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтті. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша сайлаушылардың 71 пайыздан астамы “Әділетке” дауыс берген. Бес пайыздық межеден бес партия өтті. Бұл жолы заңнамалық өзгерістерге байланысты құрылтай сайлауын өте аз тәуелсіз бақылаушы бақылады.
4 қыркүйекте таңертең белсенді Әлнұр Ілияшевтің үйіне де арнайы жасақ басып кіріп, тінтіп, ізінше белсендіні полицияға алып кеткен еді.