Accessibility links

Алматыда журналист Вадим Борейкоға қарсы сот жалғасып жатыр

Журналист Вадим Борейко соттан кейін. 19 мамыр 2026 жыл.
Журналист Вадим Борейко соттан кейін. 19 мамыр 2026 жыл.

Алматының Бостандық аудандық сотында «Etude-Ybyrai» компаниясының журналист Вадим Борейкоға қарсы талап арызы бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Филологиялық сараптама аяқталғанына бірнеше ай өтсе де, шағым түсіруші жақ әлі күнге дейін өз талаптарын нақтылаған жоқ деп жазды "Власть".

Бұған дейін "Etude-Ybyrai" компаниясы журналист жариялаған материалдар "іскерлік беделге нұқсан келтірді" және "жалған ақпарат таратты" деп сотқа жүгінген. Борейко өзіне тағылған айыптарға нақты айғақ-дәлелдер жоғын айтқан.

Басылымның жазуынша, 29 қазан күнгі сотта куәгер ретінде жауап берген Park House тұрғын үй кешенінің тұрғыны Маржан Исмайлова Premier тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты тұрғындармен қоғамдық тыңдау өткізілмегенін айтты. Оның сөзінше, тұрғындар учаскеде қандай нысан салынатынын алдын ала білмеген және жер телімі мақсатының өзгеруіне қандай негіз болғанын анықтай алмаған.

Исмайлова тұрғындар құрылыс барысындағы заңбұзушылықтарды, соның ішінде түнгі жұмыстар мен тротуардың қоршалуын видеоға түсіріп, жазбаларды Вадим Борейкоға жібергенін жеткізді. Бұған қоса, құрылыс иесі тұрғындарға сұратқан құжаттарын ұсынбағанын мәлімдеді.

Ал компания өкілі Бақыт Қасыбаев құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болғанын айтып, тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты қоғамдық тыңдау өткізу заңмен міндеттелмейтінін мәлімдеді.

Ол куәгерден Борейконың материалындағы видеолардың авторын біле ме екен, соны анықтауға тырысты. Ал куәгердің айтуынша, видеоны тұрғындардың барлығы-дерлік түсірген, роликтерді нақты кім түсіргенін анықтау қиын.

Шағым беруші жақтың өкілі куәгерден "құрылыс заңсыз деп айтқан" тұрғындар қандай құжаттарға сүйенгенін сұрады. Исмайлова өзі ешқандай құжат көрмегенін айтты. Оның сөзінше, шағым беруші жақ "құжаттарды 6 қаңтар күнгі кездесуде көрсеттік" деп айтса да, онымен көшеде танысу мүмкін емес. Оның айтуынша, тұрғындар уәкілетті орган өкілдерімен кездесуде берілген жауаптарға сүйенген.

Куәгердің сөзінше, тұрғындармен кездесуде бұрынғы депутат Бақытжан Базарбек құрылыс салушы компания қоғамдық тыңдау өткізуге міндетті екенін айтқан. Ал Қасыбаевтың түсіндіруінше, Базарбек мұны міндеттемеген, тек кеңес берген.

Шағым беруші жақ Исмайловадан Борейкоға қаржылай көмек жинауға қатысқан-қатыспағанын да сұрады. Куәгер бұл сұраққа "жоқ" деп жауап берді.

Сот отырысынан кейін Борейконың адвокаттары бірқатар құжатты іске тіркеуді сұрады. Олардың қатарында Қала құрылысы бақылау басқармасының құрылыс салушы тапсырған құжаттар топтамасының толық болмағаны туралы жауаптары, құрылыс кезінде тыныштықтың бұзылуына байланысты полиция шақырылғанын растайтын материалдар бар.

Адвокат Жанна Оразбақова e-license порталының деректеріне сүйеніп, бас мердігердің лицензиясы кері қайтарылғаннан кейін де құрылыс бірнеше ай бойы жалғасқанын айтты. Сонымен бірге қорғаушылар «Etude-Ybyrai» компаниясы Premier тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді жарнамалағанымен, үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты болмағанын растайтын құжаттарды да сотқа ұсынуды сұрады.

Борейконың адвокаттары бұл тақырыпта өзге БАҚ та материал жариялағанына қарамастан, құрылыс компаниясының сотқа тек осы журналисті бергеніне назар аударды.

Әлі күнге дейін шағым беруші өзінің талаптарын анықтаған жоқ деп жазды басылым. Келесі сот отырысы 3 қарашада болады.

  • Вадим Борейко Қазақстан билігі туралы сыни хабар шығаратын тәуелсіз журналист ретінде танылған. Биыл ақпанда әлдекімдер оның Facebook пен Instagram-дағы аккаунттарын бұзған. Журналистикада 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген Борейко 2000 жылдары "Время", Forbes.kz, Ratel.kz басылымдарында жұмыс істеп, одан кейін YouTube платформасында "Гиперборей" арнасын ашқан. Жуырда ол арнаның жұмысын белгісіз мерзімге тоқтатты.
  • 2023 жылдың басында белгісіз біреулер Вадим Борейко пәтерінің есігін құрылысқа арналған көбікпен бекітіп кеткен. Ізінше онымен бірге жұмыс істейтін бейнеоператор Роман Егоровтың екі автокөлігін біреулер өртеп кеткен. Егоров бұл әрекеттің кәсіби қызметіне қатысы бар деп санайтынын айтқан. Сол жылы күзде Алматы соты журналистерге шабуыл ұйымдастырды деп айыпталған адамдарға шартты жаза бергені хабарланған (сотталушылардың өзге де журналистерге жасалған шабуылға қатысы бар деп айтылған).
Айдар
​
XS
SM
MD
LG