Accessibility links

Алматының Наурызбай ауданында ішінара эвакуация жарияланды

Алматы қаласы. Көрнекі сурет.
Алматы қаласы. Көрнекі сурет.

Алматыдағы Наурызбай ауданына сел қаупі төніп, тұрғындардың бір бөлігі эвакуацияланып жатыр.

Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, Ақсай өзені бойында тұратын адамдар көшіріліп жатыр. Департамент "алдын ала эвакуация" деді. Тұрғындар Наурызбай ауданындағы мектептерде ашылған базаларға орналастырылады.

Алматы қаласы ТЖД жедел штаб құрған, қазір сел төнген аймақтарда азаматтық қорғаныс қызметі жұмыс істеп жатыр.

Министрлік соңғы хабарламаларының бірінде "жағдай тұрақты" екенін хабарлады. Ал Qumash телеграм-арнасы жариялаған видеода өзеннің тасып жатқаны көрінеді. Өзеннің маңында үйлер байқалады. Бірнеше адам жиналып тұр.

Мұның алдында аудан тұрғындарына сел қаупі және шұғыл эвакуация қажеттігі жөнінде ескерту-хабарлама келген еді.

Министрлік тұрғындарды Іле Алатауы тауына барудан және демалыстан уақытша бас тартуды қатаң түрде ұсынды. Ведомство сел қаупі бар аймақта тұрған тұрғындарды сабыр сақтап, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.

"Өзен арналары, шатқалдар және басқа да қауіпті учаскелерден дереу кетіңіз. Қауіпсіз биік жерге көтеріліп, сел ағынын кесіп өтуге әрекет жасамаңыз. Жедел қызметтердің қызметкерлерінің нұсқауларын қатаң орындаңыз. Тек ресми ақпарат көздерінен таралатын хабарламаларды бақылап, тексерілмеген ақпаратты таратпаңыз. Жағдай тұрақталғанға дейін таулы аймақтарға барудан бас тартыңыз" деп жазылған хабарламада.

Айдар
XS
SM
MD
LG