Accessibility links

Көп балалы әйелдер коронавирус вакцинасын мәжбүрлеп салдыруға қарсылық білдірді


Астаналық көп балалы әйелдер мен белсенділер коронавирус вакцинасына қарсылық танытып тұр. Нұр-Сұлтан, 19 шілде, 2021 жыл.
Астаналық көп балалы әйелдер мен белсенділер коронавирус вакцинасына қарсылық танытып тұр. Нұр-Сұлтан, 19 шілде, 2021 жыл.

19 шілдеде Нұр-Сұлтанда жиырма шақты әйел мен ондаған белсенді коронавирусқа қарсы вакцинаны міндеттеуге наразылық білдірді. "Бәйтерек" монументі маңына жиналған олар "Біз вакцинаға қарсымыз! Балаларға вакцина салдырмаймыз!" деп ұрандады.

Киімдеріне "Ана мен бала" деген жапсырма жабыстырып алған әйелдер алдымен "Бәйтерек" монументіне кіруге кезекте тұрғандардың жанына барды. Наразылар сол маңдағы азаматтарды вакцина салдырмауға шақырды.

Монумент алдында полицияның бірнеше автобусы тұрды. Әйелдер Ақорда, үкімет үйі мен парамент ғимаратына қарай жүре бастағанда олардың алдын арнайы жасақ бөгеді. Қолына дыбыс күшейткіш ұстаған әкімдік өкілі жиынның заңсыз екенін ескертпек болғанда, жиналғандар оны айқайлап қуып жіберді.

16 шілдеде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова 12 жастан асқан балаларға Pfizer вакцинасын салу қарастырылып жатқанын айтқан. Наразылық таныта келген астаналық көп балалы ана Назира Мұқашева балаларға екпе салуға түбегейлі қарсы екенін айтты.

– [Екпе салдырғандар коронавируспен ауырмайтынына] ешкім жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Екінші рет вакцина алғандардың өзі ауруханада ауырып жатыр. Үлкен адамның өзі көтере алмайды. Бала қалай көтереді? Міндетті екпе алған балалардың қаншасы ауру болып қалды. Содан-ақ білуге болады. Біз салдырмаймыз, – деді ол.

Вакцинаға қарсылық білдіре келген астаналық зейнеткер белсенді Нағызхан Төлеубаев та билік вакцина алуды мәжбүрлеп отыр деп санайды.

– Мәжбүрлі вакциналауға қарсымыз, – дейді белсенді.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе алуға наразылардың бары байқалады. Әлем ғалымдары коронавирус індетін тоқтатудың жалғыз жолы – вакцина алу деген пікір айтады.

2021 жылғы 19 шілдедегі ресми мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус вакцинасының I компонентін 4,9 млн адам, II компонентін 2,8 млн адам салдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG