Accessibility links

Апелляциялық сот белсенді Ермек Нарымбаевтың үкімін өзгертпеді

Белсенді Ермек Нарымбаев
Белсенді Ермек Нарымбаев

14 қазанда Астанада апелляциялық сот оппозициялық белсенді Ермек Нарымбаевқа бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгертпеді. Бұл жөнінде Адам құқықтары және заңдылықты сақтау Қазақстан халықаралық бюросы хабарлады.

Тамызда Астана соты Ермек Нарымбаевты 2,5 жылға бостандығынан айырып, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына 3,5 жылға тыйым салған. Белсенді әлеуметтік желілерге пост жариялауға тыйым салған сот шешімін бұзды деген айыппен сотталды. Нарымбаев тағылған айыпты мойындамайды, оның қорғаушылары істің саяси астары бар деп есептейді.

Сәрсенбі, 14 қазан күнгі сот отырысы кезінде адвокат Василий Садықов іс материалдарына екі дискіні қосу туралы өтініш берді. Бірінде Ермек Нарымбайды Қырғызстанда ұстау мен оны Қазақстанға тапсыру туралы видео бар.

“Бастапқы кезден-ақ қорғау жағы көршілес екі республиканың заңнамасы бұзылғанын мәлімдеп келеді. Адвокаттың айтуынша, бұған біріншіден, көрші республиканың күштік құрылымдарының өтінішімен Нырамбайды асығыс түрде елден шығару себеп болған. Өйткені оны экстрадициялау туралы сот шешімі де, ұстап беруге негіз бола алатын өзге де тиісті құқықтық құжат болмаған. Шекарадан өткізу тәртібі бұзылған. Бұған қоса, адвокаттың сөзінше, оппозиционер Қазақстанның құқық қорғау органдарына берілгеннен кейін ғана қылмыстық іс қозғалған” деп жазды бюро.

Бұған дейін Ермек Нарымбаев бірінші инстанциядағы сотта өзіне тағылған айып биыл қабылданған жаңа Конституцияға байланысты жариялаған жазбаларына тіке қатысты екенін айтқан. Адвокат Садықов істі мұқият зерттеу үшін сот тергеуін қайта бастау туралы өтініш берді.

Ол Ермек Нарымбаевтың Facebook-тағы жазбасына қатысты түпнұсқа құжат жоғына назар аударды. Дәл осы нәрсе оған айып тағылуына негіз болған. Адвокаттың пікірінше, тергеуші құжаттарды жоюы ықтимал. Бұл дәлелдердің түпнұсқалығына күмән тудыртады. Сот қорғау жағының өтініштерін қабылдамағаннан кейін Ермек Нарымбаевтың інісі судьяны ауыстыру туралы өтініш берген, алайда өтініш орындалмаған.

Ермек Нарымбаев биыл ақпан айының басында Бішкекте ұсталып, кейін Астанаға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалған еді.

Қамалардан бұрын Нарымбаев әлеуметтік желіде конституциялық реформаны талқылап жазба жариялаған. Facebook-те 3 ақпанда жарияланған кейінгі постында Нарымбаев: "Билік [Конституция жобасы бойынша] пікірталаста жеңілген соң ашуға басып, репрессияға көшті" деп жазған.

2023 жылы қыркүйекте шыққан үкім бойынша Нарымбаевтың "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот үкімін орындамады” деген айып тағылған.

Ермек Нарымбаев 2000-жылдардың басынан белсенділігімен көзге түскен. Осы кезге дейін оның үстінен оннан астам іс қозғалған. Соның төртеуінде қылмыстық іс бойынша жаза кесіп, өзге істерде әкімшілік жауапқа тартқан.

  • 2010 жылы Нарымбаев сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етіп, "Назарбаев, кет!" деп ұрандап, митингіге шыққан. Сол жылы "сотты құрметтемеді", "полицияға күш көрсетті" деген айыппен 4 жылға бостандығынан айырылып, колонияға жіберілді. 2012 жылы қамаудан босап шықты.
  • 2016 жылы сот оны "Алауыздық тудырды" деген айыппен екі жылға бостандығынан айырған. Кейін апелляция соты белсендінің жазасын жеңілдетіп, қамау жазасын еркіндігін үш жылға шектеу жазасына ауыстырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбаев Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға эмиграцияға кетіп, 6 жыл Киевті паналады.
  • 2022 жылы Алматыға ұшып келген бетте әуежайда ұсталып, 1,5 жыл бойы түрмеде отырып, 2023 жылдың жазында босап шыққан еді. Соңғы процесс, қоғамдық-саяси қызметпен айналыспау туралы тыйым сол істен басталған.
Айдар
​
XS
SM
MD
LG