Accessibility links

Апелляциялық сот бұрынғы дін қызметшісін абақтыда қалдырды

Иаков Воронцов
Иаков Воронцов

Апелляциялық сот бұрынғы дін қызметшісі Иаков Воронцовты абақтыда қалдырды. Адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің “Власть” басылымына хабарлауынша, қорғау жағы соттан оны үйқамаққа ауыстыруды сұраған, бірақ өтініші орындалмаған.

"Судья біздің уәждерімізді тыңдады, бірақ сұрақ қойған жоқ. Тергеу сотының қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарды. Сот Воронцовтың денсаулығын назардан тыс қалдырды" деді адвокат.

Ол апелляциялық сот шешіміне шағым түсіре алмайтынын жеткізді. Иаков Воронцов кемінде 23 сәуірге дейін қамауда болады.

Адвокаттың сөзінше, ол “Есірткі притонын ұстау” (302-бап) және “Есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтау” (296-бап) бойынша күдікке ілінген.

13 ақпанда Воронцов "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну" бабы бойынша 10 күнге қамалған еді. Сол кезде қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы есірткі заттарын қолдануға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған еді.

Иаков Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. "Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Ол әдейі тасталған деп білемін. Осылардың бәрі – абырой-беделімді түсіріп, мені жазалау үшін жасалған" деген ол қамауда отырып жазған хатында. Ол осы 10 күндік қамаудан шыға сала тергеуге әкетіліп, ізінше 2 айға қамалған.

Воронцов бұған дейін саяси сипаттағы жария мәлімдемелерінен кейін діни дәрежесінен айырылған. 2026 жылы қаңтарда Ресей православ шіркеуіне қарасты Қазақстан митрополиялық округ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, Ресейдің Украинадағы соғысын айыптап жүрген, шіркеуден қуылған Воронцовтың үстінен "алауыздық қоздыру" бабы бойынша істі қайта қозғауды сұраған.

Иаков Воронцов – қазақстандық дін қызметшісі, ол қызметін қазақ тілінде жүргізіп танылған. Украинада соғыс басталғаннан кейін Воронцов әлеуметтік желіде соғысты ақтаған Орыс православ шіркеуінің қызметкерлерін сынға алып пост жариялаған.

Воронцов Орыс православ шіркеуіндегі қызметін 2023 жылы маусымда аяқтаған. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты көзқарасы үшін қазақстандық митрополиялық округ басшылығы тарапынан қысым көргенін айтқан.

2024 жылы Воронцовтың үстінен "конфессияаралық алауыздық қоздыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс аноним тұлғалардың арызы бойынша қозғалған және "қылмыс құрамы болмағандықтан" сол жылы мамырда тоқтатылған.

XS
SM
MD
LG