Ақмола облысында әпкелі-сіңлілі екі қыз отырған көлік суға батып кетті. Ақпаратты төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Алдын ала ақпаратқа қарағанда, отбасы су қоймасына демалуға барған.
Целиноград ауданында карьерлердің бірінде қайғылы оқиға болды. Алдын ала мәлімет бойынша, кәмелетке толмаған балалар отырған жеңіл көлік белгісіз себеппен суға сырғып түсіп кеткен. Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына Ақмола облысы мен Астанадан жедел жәрдем қызметі келді. Құтқарушылар келген кезде оқиға орнында полиция қызметкерлері жүрді” деп жазылған ТЖД хабарламасында.
Құтқарушылар судан көлікті алып шыққан. Онан екі қыз өлі күйде табылған. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр. Тергеуді аймақтық полиция департаменті жүргізіп жатыр.
Sinegor.kz дерегінше, суға батып кеткен 8 және 12 жастағы қыздар әпкелі-сіңлілі болған. Алдын ала ақпаратқа қарағанда, 11 шілдеде отбасы Қызылжар ауылына жақын жердегі жасанды су қоймасына демалуға барған. Таңертең екі қыз киіну үшін су жағалауындағы көлікке отырған. Сол кезде көлік аяқ астынан жүріп кетіп, суға түсіп кеткен. Балалардың әкесі дереу оларды құтқаруға тырысқан. Алайда көліктің есігін аша алмаған, әйнегін де сындыра алмаған.
Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері биыл 10 адам суға батып кеткен, жетеуі – бала. Мұндай жағдайлардың көбеюіне адамдардың шомыла алмауы, өз күшін асыра бағалау, үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруы және тағы басқа себеп деп айтылады.