Accessibility links

АҚШ 15 жылға дейін Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруі мүмкін


Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, АҚШ 15 жылға дейін Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруі мүмкін. Бірақ Киев бұл мерзімді барынша ұзартуға тырысып жатыр. Бұл жөнінде Axios жазды.

"Менің ойымша, бізге 15 жылдан да көп мерзім керек" деді Зеленский 26 желтоқсанда басылымға.

Украина президенті егер алдағы кездесуде Трамп бұдан да ұзағырақ мерзімге келіссе, мұны "ірі табысқа" балайтынын айтты.

Зеленскийдің сөзінше, екі ел де қауіпсіздікке кепілдік беру құжатын парламенттен өткізуі керек. Оның айтуынша, Америка-Украина келісімінің негізгі аспектілері келісіп қойылған және бес құжатта баяндалған. Оған алтыншысы да қосылуы мүмкін.

Украина президенті сонымен бірге Ресей ашқан соғыс тоқтағаннан кейін Еуропа елдерінің де Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету бастамасына тоқталды. Мұнда жетекші рөлді Франция мен Ұлыбритания атқарады.

Украина президенті соғысты аяқтау шартын 28 желтоқсанда АҚШ президентімен келісуден үміттенеді.

Зеленский сонымен бірге бейбітшілік жоспарындағы шарттарды жалпыхалықтық референдумға шығаруға да дайын, ол үшін Ресей атысты кемінде 60 күнге тоқтатуға келісуі керек. Мәскеу Украинадан қазір орыс әскерінің бақылауында емес аумақты да талап етіп отыр. Зеленский Трамппен кездесу кезінде осы бойынша да Киевтің ұстанымын жетілдіруді көздемек.

АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі Axios басылымына Ресей "атысты тоқтату қажеттігін түсінеді", бірақ "бұдан да қысқа мерзім болғанын" қалайды деді.

Украина президентінің сөзінше, қауіпсіздікке кепілдік туралы құжат парламент толық ратификацияланғаннан кейін немесе референдумда мақұлданғаннан кейін күшіне енеді.

XS
SM
MD
LG