АҚШ Донбасты НАТО-ға мүшелікке айырбастауды талқылап жатыр

Джаред Кушнер және Стив Уиткофф
Джаред Кушнер және Стив Уиткофф

АҚШ президентінің арнайы уәкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер соңғы бірнеше айда Украина және Еуропа елдерінің өкілдерімен жабық кездесулерде Донбасс аумағын НАТО-ға мүшелікке айырбастау мүмкіндігін талқылаған. Бұл жөнінде The Wall Street Journal дипломатиялық ортадағы дереккөздеріне сүйене отырып хабарлады.

Басылымның мәліметінше, Вашингтон соғысты тоқтатудың екі жолын қарастырып отыр. Біріншісі – Украина бақылауындағы Донбасс аумағынан украин әскерін шығарып, есесіне оны НАТО-ға толыққанды мүше етуді қарастырады. Екінші нұсқа соғысты қазіргі майдан шебінде тоқтатып, Украинаны НАТО құрамына алмай-ақ оған АҚШ пен Еуропа елдерінің қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынуды қарастырады.

Өткен аптада Кушнер бұл ұсыныстарды Абу-Дабиде Ресей делегациясымен келіссөздерде, сонымен бірге Дублинде Украина президенті Владимир Зеленский және Еуропа шенеуніктерімен кездесу кезінде талқылаған.

WSJ дерегінше, Қытайдағы АТЭС саммитінен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп президент ұшағынан Кушнерге телефон шалып, Ресей басшысы Владимир Путиннің «соғыстан шаршағанын және оны реттеуге дайын екенін» айтқан.

Алайда Абу-Дабидегі келіссөздерден кейін таратылған бейресми құжатқа сәйкес, Мәскеу Украина Конституциясынан НАТО-ға кіру бағыты туралы ережені алып тастауды талап еткен. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков 20 қарашада Украинаның солтүстікатлантикалық одаққа кез келген форматта, соның ішінде «квазимүшелік» түрінде кіруіне Мәскеу келіспейді деді.

Бұған дейін Кушнер Вашингтон Мәскеуді Украинаға НАТО шартының 5-бабындағы ұжымдық қорғаныс қағидатына негізделген қауіпсіздік кепілдіктерін беруге көндіргенін айтқан.

Қараша айының ортасында Зеленский АҚШ Украинаға НАТО-ға кіру үшін Донбастан бас тарту мәселесін қойғанын растаған. Ол Украинаның өз аумағын беруге ниетті емес екенін айтты. Дегенмен АҚШ пен одақтың басқа елдері бұл ұсынысты ресми түрде растаса, оны қоғам арасында талқылауға болатынын жеткізді.

Бұған дейін The New York Times Мәскеудің тағы бір талабы – НАТО-ның әскери инфрақұрылымын 1997 жылғы қалпына қайтару екенін хабарлаған.

​
XS
SM
MD
LG