АҚШ грин-картаға өтініш беру ережесін қатайтты. Енді шетел азаматтары АҚШ-тан тыс аумақта ғана өтініш тапсыра алады. Бұл жөнінде азаматтық және көші-қон қызметі (USCIS) хабарлады.
Ведомство таратқан баспасөз хабарламасында АҚШ-та уақытша тұратын және грин-картасын алғысы келетін шетел азаматтары өтініш беру үшін елдеріне оралуы тиіс екені жазылған.
"Шетел азаматтары өз елінен өтініш берсе, бұл уақытша тұруға рұқсат ала алмай, АҚШ-та заңсыз қалуды жөн көргендерді іздеу мен депортациялау қажеттігін азайта түседі" деді USCIS баспасөз хатшысы Зак Калер.
Оның сөзінше, АҚШ-қа қысқа уақытқа барған уақытша жұмысшылар немесе туристер, студенттер өздерінің сапарын грин-карта алу процесінің алғашқы қадамы ретінде қарастырмауы керек.
USCIS бұрынғы қызметкер Дуг Рэнд NBC News арнасына берген сұхбатында жыл сайын грин-карта алуға шамамен миллион адам өтініш тапсыратынын айтқан. Жартысы құжатты АҚШ аумағында жасатады.