Accessibility links

АҚШ Ирандағы нысандарды үшінші түн қатарынан атқылады

Таяу Шығыста жүрген АҚШ әскери-теңіз кемелері (Centcom таратқан сурет)
Таяу Шығыста жүрген АҚШ әскери-теңіз кемелері (Centcom таратқан сурет)

АҚШ әскери күштері Ормуз бұғазында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Иран аумағындағы нысандарға әуеден соққы бергенін мәлімдеді. Бұл шабуылдар президент Дональд Трамптың АҚШ осынау стратегиялық маңызды кеме жолын қайтадан құрсауға алатынын жариялағаннан кейін бірнеше сағат өткенде жасалды.

АҚШ күштері Иранды осымен қатарынан үшінші түн атқылады. "Бұл шабуылдар алдағы уақытта да Иранға тым қымбатқа түсетін болады, олардың бейкүнә адамдар мен сауда кемелеріне шабуыл жасау мүмкіндігіне нұқсан келтіреді", – деді АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) 13 шілде кешке жариялаған мәлімдемесінде.

Кейінірек CENTCOM бес сағаттық операция барысында АҚШ күштері Иран аумағындағы әскери нысандарға оңтайлы шабуыл жасап, Иранның коммерциялық кемелерді атқылау мүмкіндігін одан әрі әлсіреткенін хабарлады.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары елдің оңтүстік жағалауындағы бірнеше аралда, соның ішінде Киш, Кешм және Әбу-Мұсада жарылыстар болғаны туралы ақпарат таратты.

Иранның ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) Ормуз бұғазында Біріккен Араб Әмірліктерінің екі танкеріне шабуыл жасағанын мәлімдеді. БАӘ бұл шабуылды "арсыздық" деп атап, экипаждың бір мүшесі – Үндістан азаматы – қаза тауып, сегіз адам жараланғанын хабарлады.

ИРСК бұған қоса сейсенбі күні кешке Иордания мен Бахрейндегі АҚШ нысандарына соққы бергенін айтты.

Бұл шабуылдар өткен айда екі тарап қол қойған меморандум шарттары белгілейтін бейбіт келісімнің іс жүзінде бұзылып жатқанына тағы бір дәлел.

АҚШ басылымдарының айтуынша, өткен аптаның аяғында Ақ үй Конгреске Иранмен тағы да соғыс жағдайында тұрғанын хабарлаған. Мұндай шешім қарулы күштер заң шығарушылардың ресми мақұлдауын күтпей-ақ шабуыл жасай алатын 60 күндік кезеңді іске қосады.

13 шілде күні кешке Ақ үйде тілшілермен сөйлескен Дональд Трамп америкалық шабуылдардың көздеген мақсаты – Тегеранды Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын бұзу мүмкіндігінен айыру деп мәлімдеді. Әйткенмен, АҚШ ирандық нысандарға қатарынан үш түн бойы шабуыл жасағанына қарамастан, атыс-шабысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізуге мүмкіндік әлі де бар деп қосты.

Айдар
XS
SM
MD
LG