АҚШ пен Канада сауда келісіміне қол жеткізе алмағаннан кейін Вашингтон Канададан келетін бірқатар тауар түрлеріне 50 пайыздық тариф енгізді. Reuters агенттігінің жазуынша, тараптар бір-бірін келісімнің бұзылуына кінәлаған.
Канаданың премьер-министрі Марк Карни АҚШ «соңғы сәтте» «әділетсіз, тиімсіз әрі кез келген келісімнің сенімділігіне күмән келтіретін» өзгерістер енгізгенін мәлімдеді.
«АҚШ-пен сауда келіссөзін тоқтатып, канадалық келіссөз жүргізушілерге Оттаваға оралуды тапсырдым» деді Карни мәлімдемесінде. Ол АҚШ-қа қарсы «долларға доллар» түрінде қарымта шара қолданылатынын айтты.
АҚШ-тың сауда өкілі Джеймисон Грир өз кезегінде Канаданың «осы апта басында келісілген шарттар бойынша сауда келісімін аяқтаудан бас тартқанын» мәлімдеді. Оның айтуынша, Оттава қосымша жеңілдік әсіресе болат, алюминий, көлік және ағаш материалдарына қатысты жеңілдіктерге қол жеткізгісі келген.
Жаңа тариф түн ортасында күшіне енді. Reuters агенттігінің жазуынша, баж салығы құны шамамен 20 миллиард доллар болатын канадалық тауарларға әсер етеді. Бұл – Канаданың АҚШ-қа экспортының 5%-дан сәл астамы.
Бастапқыда тарифтер 19 тамызда күшіне енуі керек еді, бірақ одан сәл бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп тараптар келісімге келді деп мәлімдеп, үш күнге кейінге шегерген. Ақ үй ережелерді аяқтау үшін қосымша уақыт қажет екенін айтқан.
Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Канаданы "америкалық көліктер, ішімдік және сүт өнімдеріне келгенде дискриминация жасайды" деп айыптаған. Тарифтерді жариялаған кезде Трамп 1930 жылғы Тарифтер туралы заңның 338-бабына сүйенді. Ол мемлекет басшысына Америка тауарларын алалаған сауда серіктестерге 50%-ға дейін баж салығын енгізуге мүмкіндік береді. Кейінгі бір ғасырда аталған бап алғаш рет қолданылып отыр.