АҚШ ресейлік "Лукойл" мұнай компаниясының шетелдегі активтерінің сатылуына қатысты келісімшарт жасау мерзімін 1 сәуірге дейін ұзартты. АҚШ қаржы министрлігіне қарасты шетелдегі активтерді қадағалау басқармасының (OFAC) құжатынан осыны байқауға болады.
OFAC лицензиясы компанияларға активті сатып алу бойынша келіссөз жүргізуге, операция жасауға, тиісінше дайындық жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Reuters дереккөздерге сүйене отырып, АҚШ Украинамен бейбітшілік бойынша келіссөз аясында Ресейге қысым жасау үшін "Лукойлдің" шетелдегі активтерін сату процесін баяулатты деп жазған еді.
Reuters дереккөзінің айтуынша, АҚШ қаржы министрлігі келісім жасауға көмектесетін құжаттың мерзімін ұзартқан. Бұл келісім Трамптың Ресейді соғысты жалғастыруға мүмкіндік беретін кірісінен айыру туралы талпынысын қолдауға тиіс.
Дереккөздің айтуынша, қандай жағдай болмасын, келісім "Лукойл" активтерін сатудан түскен кірістің АҚШ юрисдикциясына қарайтын есепшотта бұғатталып тұрғанын қарастыруы керек. Тағы бір дереккөздің айтуынша, бейбіт келісімнің нәтижесінің келісімшартқа әсері болмайды.
"Лукойл" шетелдегі активтерін сатуға былтыр күзде АҚШ санкциясынан кейін ынта білдірген. Компанияның Қазақстаннан бөлек, Еуропадағы үш мұнай өңдеу зауыты, Өзбекстан, Ирак, Мексика, Гана, Египет және Нигериядағы мұнай кеніштерінде үлесі бар. Бұған қоса, әлем елдерінде жүздеген жанармай станцияларына ие.
Бастапқыда "Лукойлдың" шетелдегі активтерін Ресей президенті Владимир Путиннің досы Геннадий Тимченконың қатысы бар швейцариялық Gunvor компаниясы алғысы келген. Алайда АҚШ қаржы министрлігінің мұны мақұлдамайтыны белгілі болғаннан кейін ұйым жоспарынан бас тартқан.
Осыдан кейін "Лукойлдың" активтеріне бірнеше компания, арасында америкалық ірі мұнай компаниялары Exxon Mobil мен Chevron да бар, қызығушылық білдірген. Одан бөлек, Венгрияның MOL мұнай-газ компаниясы, Pornhub-тың бұрынғы иесі, австриялық кәсіпкер Бернд Бергмайр да ынта білдірген.
Бұған дейін "Лукойл" өзінің шетелдегі активтерін америкалық Carlyle инвестициялық қорына сататынын хабарлаған еді.
Былтыр қарашада АҚШ санкцияға ұшыраған ресейлік компаниялар «Лукойл» мен «Роснефтке» Қазақстандағы Қарашығанақ, Теңіз кеніштері мен Каспий құбыр консорциумы (КҚК) бойынша операциялар жүргізуге рұқсат берген.
Қазақстанда "Лукойл" компаниясы "Теңізшевройл" консорциумында - 5% үлеске, Қарашығанақ кен орнының операторында – 13,5%, Kalamkas-Khazar Operating-те 50% және "Әл-Фараби Operating-те" 49,99 пайыздық үлеске ие. Ресейлік компания сонымен қатар Хвалынск және Орталық кеніштерін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен ортақ кәсіпорындар арқылы бірігіп игереді.