АҚШ Нигерияның солтүстік-батысындағы ДАИШ содырларына соққы берді. Бұл жөнінде АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде хабарлады.
"Мен бұған дейін содырларға христиандарды қыруды тоқтатпаса, жауап беретінін ескерткенмін және сол бүгін кешке болды" деп жазды Трамп. Ол "радикалды діни терроризмнің" етек жаюына жол бермейтінін айтты.
Қараша басында Трамп Нигерияда әскери қимыл жүргізудің түрлі амалдарын қарастырып жатқанын айтқан. Желтоқсанда ол осы ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне шектеу қойған.
Трамп нақты қандай нысандарға шабуыл жасалғанын айтпады.
АҚШ қарулы күштерінің Африкадағы қолбасшылығы (AFRICOM) X желісінде соққы "Нигерия билігінің өтінішімен" жасалғанын мәлімдеді.
"Нәтижесінде Нигерияның солтүстік-батысында әуеден жоғары дәлдікте соққы жасалды" деп жазылған Нигерия сыртқы істер ведомствосының хабарламасында.
Нигерияның сыртқы істер министрі Жүсіп Маитама Туггар BBC ақпарат агенттігіне мұның террористерге қарсы бағытталған "ортақ операция" екенін және оның қандай да бір дінге қатысы жоғын айтты.
Аймақта "Боко Харам" және "Батыс Африкадағы ДАИШ" қарулы топтары он жылдан астам уақыттан бері елдің солтүстік-шығысында тұрғындарға шабуылдайды. Үкіметтің мәліметінше, биыл ондаған адам содырлардың қолынан қаза болған.