Accessibility links

АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Ресейге қарсы "өте қатаң" санкцияны мақұлдады

Өкілдер палатасының мүшелері Ресейге қарсы санкция жобасы туралы айтып жатыр. 16 қыркүйек 2026 жыл.
Өкілдер палатасының мүшелері Ресейге қарсы санкция жобасы туралы айтып жатыр. 16 қыркүйек 2026 жыл.

АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Ресейге санкция салу туралы заң жобасын мақұлдады.

Сенатор Линдси Грэм (биыл шілдеде қайтыс болды) бастамасымен әзірленген заң жобасын 262 конгрессмен қолдап дауыс берді, 159 адам қарсы болды.

Құжатта заң жобасының мақсаты “Владимир Путинді Украинаға қарсы соғысты қаржыландыратын кірістен айыру” деп жазылған.

Бұған дейін заң жобасын АҚШ сенаты мақұлдаған. Енді құжатқа президент Дональд Трамп қол қоюы керек, одан кейін заң күшіне енеді. Одан кейін АҚШ президенті санкция енгізіп, жарты жыл сайын оны қайта қарастыруға міндетті.

Құжат Ақ үйді Ресей билігі өкілдеріне, ресейлік олигархтар мен олардың отбасыларына, банк және энергетика салаларындағы компанияларға және Ресейдің «тасадағы флотына» тиесілі кемелерге санкция салуға міндеттейді. Заң жобасында белгіленген критерийлерге сай келетіндердің көпшілігі қазірдің өзінде АҚШ санкциясына ілікті.

Құжат Ресей мұнайы мен газын басты сатып алушы бес елдің тауарына 100 пайыз баж салығын енгізуді қарастырады. АҚШ президенті сондай өкілетке ие болады. Заңда елдердің тізімі көрсетілмеген, бірақ Қытай мен Үндістан Ресей шикізатын ең ірі сатып алушылардың қатарында.

Өкілдер палатасындағы дауыс беруден кейін Үндістан сыртқы істер министрлігі Дели өзінің сауда-экономикалық мүдделерін қорғау үшін тиісті шара қабылдайды және тасымалдауды диверсификациялау арқылы елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деді.

Трамптың ұсынысымен заң жобасына Иранға қатысты шаралар да енгізілді, атап айтқанда мәселе Американың бұған дейінгі санкциясын ұзарту жөнінде болып отыр.

Линдси Грэмнің заң жобасын Конгресс ұзақ уақыт қарады. Өкілдер палатасындағы дауыс беруге дейін процедуралық дауыс беру болды: құжат өте аз дауыс айырмашылығымен өтті (214 адам қолдап, 211 адам қарсы болды). Оған демократтардың көбі қарсы болды. Олар Ресейге қысымды күшейтуді қолдағанымен, президентке тариф енгізу бойынша көп өкілет беруді жақтамаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG